Түркістан облысының даму жоспары талқыланды

0
96

2025 жылғы 8 айдың қорытындысымен жоспардың орындалуы бойынша мониторинг жүргізілді.


Түркістан облысының даму жоспары талқыланды

Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 5 бағыт, 27 негізгі ұлттық индикатор, 18 нысаналы индикатор және 77 нәтижелі көрсеткіш қарастырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс экономикасының сапалы өсуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 5 бағыт, 27 негізгі ұлттық индикатор, 18 нысаналы индикатор және 77 нәтижелі көрсеткіш қарастырылған. Аталған жоспардың орындалу барысы туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте баяндалды.


Облыс әкімінің орынбасары бекітілген индикаторлардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырып, алдағы жоспарға нақты шараларды ұсынуды жүктеді.


– Түркістан облысының алдағы 5 жылға арналған даму жоспарын қалыптастыру мақсатында салалық басқармалар мен департаменттер тиісті салалық министрліктермен нақтылап, келісілген көрсеткіштер жоспарын пысықтап, ұсыныңыздар. Өңірдің даму жоспары облыс дамуына тікелей ықпал ететін құжат болғандықтан, жауапкершілікті, нақты іс-әрекетті талап етеді. Жыл соңына дейін бекітілген индикаторларға қол жеткізу үшін барлық мүмкіндік бар. Көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауға алып, кемшіліктерге алдағы уақытта жол бермеуді тапсырамын, – деді Талғат Қозбеков.


Жиында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбек салаларда 8 айдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылғы 8 айдың қорытындысымен жоспардың орындалуы бойынша мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында, Полиция және Төтенше жағдайлар департаментіне қатысты өзекті мәселелер анықталды. Жіті қаралып, мәселені тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.


Сонымен қатар Түркістан облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын қалыптастыру жайы пысықталып, ұсыныстар айтылды.


Даму жоспары нысаналы индикаторлардың декомпозициясын нақтылайтын инвестициялық жоспармен толықтырылды. Инвестициялық жоспар басым және проблемалық аймақтар картасын қамтиды (SWOT анализ). Бұл картада салалар бойынша әлсіз және күшті тұстарын, қауіптер мен мүмкіндіктерін талдап, инвестициялық жобалар есебінен шешу жолдары ұсынылады.


Мәжіліс барысында айтылған тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы қатаң бақылауда болады.

Бөлісу