Түркістан облысының білекті жігіттері ҚР чемпионатында топ жарды.
ERNUR.KZ.Астана қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен ҚР чемпионатында Түркістан облысының жігіттері жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Чемпионатта спорттың аударыспақ, көкпар, жамбы ату және теңге ілу түрлерінен жүлделер сарапқа салынды. дүбірлі жарыста аударыспақтан 80 келіде Есімхан Рахматіллә чемпион атанса, 90 келіде Сырым Ізбасаровқа қарсылас шақ келмеді. Ал +90 келі салмақ дәрежесінде Біржан Қосалиев кезекті рет алтын медальға ие болды.
Көкпар бәсекесінде түркістандық «Құлагер» командасының қайратты оғландары кездескен қарсылас атаулыны айқын жеңіп шықты. Жамбы ату, теңге ілу сайыстарында Түркістан өрендері үздік төрттікті түйіндеді.
Осыған орай, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Р.Жақсыбай Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа хат жолдады. Хатта «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп нақты айтылған. Ал, ұлттық спорттың дамуы — дәл осы ұлттық код пен ұлттық мәдениетімізді сақтаудың бірден-бір жолы. Сондықтан түркістандық спортшылардың ҚР Чемпионатында көрсеткен үздік жетістіктері үшін сіздерді шын жүректен құттықтаймын және алдағы уақытта да облыс ұлттық спортқа лайықты қолдау білдіреді деп сенеміз» деп жазылған.