ТҮРКІСТАН: Отырарда Ұлы Жеңістің 78 жылдығы аталып өтті

0
933

Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, әруақтардың рухына құран бағышталды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда Ұлы Жеңістің 78 жылдығы аталып өтті

Отырар ауданында Ұлы Жеңістің 78 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданының халқы жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнінде майдан даласында мерт болған сарбаздарды еске алып, оларға тағзым жасауды естен шығарған емес. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, аудан әкімі, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері Арыс жағалауы саябағындағы Кеңес Одағының батырлары С.Әшіров және Т.Ибрагимовтің ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.


Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, әруақтардың рухына құран бағышталды.


Мұнан соң көпшілік аудандық мәдениет сарайындағы 7-мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесінің 78-жылдығына арналған «Ұлы Ерлікке - мың тағзым» атты салтанатты шараға келіп қатысты. Қонақтар алдымен мәдениет сарайының фойесіндегі аудандық орталық кітапхананың жеңіс мерекесіне арналған тақырыптық кітап көрмесі мен құнды музей жәдігерлерінің көрмесін тамашалады.


Одан әрі мерекелік жиынның шымылдығы театрландырылған қойылыммен түріліп, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова секілді қазақтың батыр қыздары елді, жерді қорғау әрбір жанның парызы екенін жеткізді.


Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов жұртшылықты өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың қос мерекесімен құттықтады.


«Қан майданның қасіретін тартпаған, зұлмат күндер жанына батпаған адам жоқ. Соғысқа әлем халқының 80 пайызы, сол кездегі әлем картасындағы 73 мемлекеттің 62-сі қатысты. 1418 күн мен түнге ұласқан Ұлы Отан соғысына «Отан үшін соғыссаң – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің», – деген халық даналығын үлгі еткен 1 млн 366 мың қазақстандық қатысты. Ал, сол бір сұрапыл жылдарда 3000-нан астам отырарлықтар майдан даласына аттанса, оның ішінде 2466 боздақ туған жерге оралмады. Елге аман-есен оралған кешегі майдангер, бүгінгі ардагерлеріміз еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етудің өнегесін керсете алды. Міне, майдангер бабалардың батырлығы мен жанқиярлығы Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі Қазақстанның жауынгерлері үшін өшпес өнеге», - деген аудан басшысы елдің амандығын, мемлекетіміздің тұтастығын тіледі.


Мереке аясында аудандағы ауған соғысының ардагерлері мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.


Жиында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап ерлікке тағзым ету мен жастарға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын айтса, ақын Бегаман Сұлтаев арнау өлеңін оқыды.


Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді нақышына келтіре шырқады.