ТҮРКІСТАН: Полиция департаментінің бастығы тұрғындарды фронт-офисте қабылдады

0
2 594

Полиция департаментінің жанынан құрылған фронт-офисте «Қош келдіңіз!» акциясы өткізілді.


ТҮРКІСТАН: Полиция департаментінің бастығы тұрғындарды фронт-офисте қабылдады

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қ.Дәлбеков фронт-офисте 10-ға жуық тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Полиция департаментінің жанынан құрылған фронт-офисте бүгін, яғни 9-қазан күні кезекті рет «Қош келдіңіз!» акциясы өткізілді. Мұнда департамент бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков алдын ала жазылған азаматтарды қабылдап, мәселелерін қарады. Акцияға 10-ға жуық тұрғындар келіп, облыстың бас полицейі тарапына тәртіп сақшыларына, қызметіне қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Қабылдауға келгендердің жартысынан көбі кадр саласына бағытталған мәселелер аясында өтініштерін жеткізді.

Ал, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков болса, әрбір тұрғынның мәселесіне сәйкес, ашық әрі анық түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде, айтылған мәселелердің кейбірі сол сәтте шешімін тапса, қалғандары бойынша тиісті салаларға тапсырмалар берілді. Полиция департаментінің бастығының жеке қабылдауына келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелері дер кезінде қаралғаны және бақылауға алынғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

«Азаматтарды қабылдау үшін ыңғайлы және өзіндік жұмыс кестесі бар ІІО-да мамандандырылған үй-жайларын аштық. Яғни осындай фронт-офистерді тұрғыздық. Бүгінгі таңда облысымыздағы Полиция департаменті жанынан ашылған халықтық кеңсе сіздерді кезексіз қабылдайды. Әрбір полицияға қатысты мәселеңізді, арыз-шағымыңызды түпкілікті қарайды. Бұл жерде орналасқан полицейлер сіздің мәселеңізді шешіп, мүмкіндігінше көмектесуге ат салысады. Тап осындай мақсаттағы фронт-офистер қазіргі таңда облыстық полиция басқарма, бөлімдерінің барлығының жанынан ашылуда. Фронт-офис өз жұмысын таңғы сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жасайды. Айына бір рет өзім де аталған кеңседе сіздермен бүгінгідей бетпе-бет жолығатын боламын» - деді ТО ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Шынында, мұндай фронт-офистердің ең басты ерекшелігі кез-келген адам үшін полицияны қолжетімді ету. Бізге қатысты өзіңіздің сауалыңыз болса, халықтық кеңсенің есігі сіздер үшін әрдайым ашық! Және акция алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.