ТҮРКІСТАН: Премьер-министрдің орынбасары өңірдегі жобалармен танысты

0
518

Кәсіпкерлер тарапынан өтініштер мен ұсыныстар берілді.


ТҮРКІСТАН: Премьер-министрдің орынбасары өңірдегі жобалармен танысты

Премьер-министрдің орынбасары Түркістан өңіріндегі жобалармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Сайрам және Ордабасы аудандарын аралады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мал бордақылау, ет экспорты, жылыжай шаруашылығындағы жобалар туралы айтып, кәсіпкерлермен кездестірді.


Вице-премьер бастаған топ Сайрам ауданындағы «Nurym Group» ЖШС-де болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорын 14 мың мал басына арналған. Мал бордақылаумен және ет өңдеумен айналысады. Жоба қуаттылығы жылына – 5 мың тонна ет. Ет еліміздің өңірлерінен бөлек, Ресей мен Өзбекстанға экспортталады. Цех «БЖК 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Мұнда 25 адам қызмет етеді. Сонымен қатар Астанадан келген жауапты тұлғалар Сайрам ауданындағы заманауи «Қайып ата» мал сою бекетінің жұмысын көрді. Аталған бекеттен шетелдерге ет экспортталуда.


Кәсіпкер Сырым Ертаев жаңа ет комбинатын, мал базарын салу және және жем-шөп шығару жобасымен таныстырды. Сонымен бірге ірі қара малдың ішек-қарны мен сүйегін, қанын терең өңдеп, біразын Қытайға экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді. Жобаларына қолдау көрсетуді сұрады. Премьер-министр орынбасары мәселе назарға алынатынын айтты.


Премьер-Министрдің орынбасары мен облыс басшысы Ордабасы ауданы Бадам елді мекенінде орналасқан «Бөрте Милка» сүт тауарлар фермасында болды. Ферма сиыр сүтін өндірумен және өңдеумен айналысады. Өндіріс орны тәулігіне 9 тонна сүт өндіреді. Бұдан бөлек, тәулігіне 50 тонна сүт өңдеп шығарады. Мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында Венгриядан арнайы әкелінген асыл тұқымды ірі қара малдардың сүттері өңделеді. Зауытта Швеция және Италия мемлекеттерінен дүние жүзіне әйгілі компанияларының құрал-жабдықтары орнатылған. Сүт зауыты 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.


Сүт фермасының маңында Түркістан облысында сүт өңдеу саласына қатысты жобалар таныстырылды. Кәсіпкерлер тарапынан өтініштер мен ұсыныстар берілді.


Вице-премьер Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шұбар ауылдық округінде орналасқан көкөніс өндірумен айналысатын ЖК «Тулебаев Мейрамбек» жылыжай кешенінде болды. Жалпы жер көлемі 10 гектар аумақта орналасқан жылыжайдың инвестициялық құны – 300 млн. теңге. Жоба 2018 жылы іске қосылған. Мұнда 30 адам жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлік жылына 500 тонна өнім өндіреді.


Жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездескен басшылар жұмысқа кедергі келтіретін факторларды бүкпесіз айту керектігін жеткізіп, жеке кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан тұрақты қолдау болатынын атап өтті. Шаруалар мен кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдады. Жылыжай шаруашылығына мемлекеттік қолдаулар күшейтілгені, оның шарттары туралы да мағлұмат берілді. Бүгінде өңірде жылыжайларға қолдау күшейтіліп, көмір мәселесі реттелген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.