ТҮРКІСТАН: Райымбек Сейтметов театрына жаңа автобус табысталды

0
103

Биыл – Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл.


ТҮРКІСТАН: Райымбек Сейтметов театрына жаңа автобус табысталды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Райымбек Сейтметов театрына 50 орынды заманауи автобустың кілтін табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл – Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл. Мәдениет пен руханияттың ордасына айналған қасиетті шаңырақтың меретойына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров театр ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.


– Сіздерді Райымбек Сейтметов атындағы театрдың 25 жылдық мерейтойымен шын жүрекпен құттықтаймын! Түркістан руханияты үшін Райымбек Ноғайбайұлының сіңірген еңбегі зор. 1995 жылы туған топырағы Түркістанға келіп шәкірт тәрбиеледі, осы драма театрының негізін қалады. Қарашаңырақтың мерейтойы театр маусымының ашылуына тұспа-тұс келіп отыр. Биыл Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл руханият саласындағы жұмыстардың жандануына ықпал етеді деп сенемін. Қазіргі таңда облыста 3 кәсіби театр бар. Жыл басынан бері 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтылды. Жаңа қойылымдар сахналанып, Түркістан халқына рухани азық сыйлауда. Республикалық, халықаралық театр фестивалдерінде жүлделі орындарға ие болуда. Соның ішінде осы театрдың алар орны айрықша. Өткен жылы Бірріккен Араб Әмірлігінде өткен «Оман» Халықаралық фестивалінде үздіктер қатарынан көрінді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.


Театр әртістері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарларға жиі шығады. Жаңа автобус – әртістер мен техникалық құрамның жол жүруін айтарлықтай жеңілдетіп, сахналық костюмдер мен реквизиттерді, декорацияларды тасымалдауға да мүмкіндік береді.


Айта кетсек, театр 2000 жылдың 9-наурызында ашылды. Театрдың негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық артисі, режиссер, ұстаз Райымбек Сейтметов болды. Театр әзірбайжан драматургі Б.Вахапзаденің «Көк Түріктер» қойылымымен алғашқы шымылдығын ашты.


25 жылдан бері театр ұжымы елімізбен қатар, Түркия, Тәжікстан, Румыния, Оман, Ресей сынды шет мемлекеттерде гастрольдік сапарлар мен фестивальдерге қатысып, қазақ театр өнерін әлем сахналарында паш етіп жүр. 2017 жылы театрға Райымбек Сейтметовтің есімі ресми түрде берілді. Театр ұжымы ТҮРКСОЙ мен республикалық ауқымдағы бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері атанды. Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен 2023 жылы тұңғыш рет «RAIYMBEK FEST» республикалық театр фестивалі ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті.

Бөлісу