ТҮРКІСТАН: Сайрамда «Мәңгілік ел жырлайды» атты ретро-айтыс өтті

0
1 055

Бас бәйгені Бекарыс Шойбеков иеленді.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда «Мәңгілік ел жырлайды» атты ретро-айтыс өтті

Сайрам ауданында республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сайрам ауданында Ел мерекесіне арналып ұйымдастырылған «Мәңгілік ел жырлайды» республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Ұлттың ұлы тұлғалары – Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейханов, күш атасы Қажымұқан, Дина Нұрпейісова, Ыбырай Алтынсариннің мерейлі жылдарын жырға қосқан республиканың арқалы ақындары Бөрібай Оразымбет, Серік Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Айбек Қалиев, Кәрима Оралова жыр додасында Тәуелсіздіктің қадір қасиетін ұлықтап, айтысты сағынған көрерменін бір серпілтті.


Атақты сатирик Көпен Әмірбек жүргізген ретро айтыста 4 жұп өнер көрсетіп, аламанның қорытындысында бас жүлдені Оңтүстіктің ақтаңгері, Түркістанның тарланы Бекарыс Шойбеков иеленді. Бірінші орын Серік Қалиевке бұйырса, екінші орынды Анар Жаппарқұлова, ал үшінші орынды Айбек Қалиев еншіледі.


Айтыстың арнайы жүлделері Кәрима Оралова, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Бөрібай Оразымбетке берілді. Қазылар алқасының төрағасы, жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт жүрегінен жыр төгіп, халқын қуантқан ақындарға, аудан әкіміне адамдардың бір-біріне деген ыстық ықылас, мейірімін сыйлауы төмендей бастаған уақытта барша жұртты жігерлендіріп, шабыттандырғанына шынайы алғысын білдірді.