ТҮРКІСТАН: Сарыағашта 500 орындық емхана салынады

0
434

Облыс әкімі әрбір өтініш назарға алынып, инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта 500 орындық емхана салынады

Сарыағашта 500 орындық емхана мен перинаталдық орталық салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында азаматтар тойхананы қайта бейімдеп, мектепке айналдырған. Бүгінде «HighSchool of Saryagash» жеке меншік мектебінде 430 оқушы білім алып жатыр. Зияткерлік мектепке арнайы барып, ұстаздармен, оқушылармен жүздескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев білім саласына көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.


«Елімізде салынып жатқан мектептердің басым бөлігі Түркістан облысында бой көтереді. Бір жылда 40-тан астам мектеп ел игілігіне берілді. Әлі де құрылысы жүріп жатқандары бар. Жеке меншіктегі мектептер де көбеюде», – деген өңір басшысы Сарыағаштағы мектептің жетістіктерін жоғары бағалады.


Мұнда ағылшын тілін тереңдетіп оқытады. Сонымен бірге әр түрлі үйірмелер де бар. Білікті ұстаздар қызмет етеді. Шетелден де мұғалім шақырылған.


Өңір басшысы мектеп маңында бір топ тұрғынмен кездесіп, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар Сарыағаш ауданында заман талабына сай оқушылар сарайы мен мәдениет үйін салу, жол, аяқжол, емхана, интернет, ағын су мәселесін көтерді. Облыс әкімі әрбір өтініш назарға алынып, инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.


«Су мәселесі өте өзекті. Біз барынша су үнемдеу технологиясына көшуіміз керек. Ондай жобаларға қолдау көрсетіледі. Жайылым тапшылығы да күрделі. Мал бордақылау алаңдарын ашуға күш салған жөн. Ауданда перинетальдық орталықтың құрылысы басталады, 500 орындық емхана салынады», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Бүгінде Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 15,5 мың. Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 112,3 млрд. теңгенің өнімі шығарып, көрсеткіш 2,9%-ға артқан. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 5,4 млрд. теңгеге 3 жоба мақұлданған. Ауыл шаруашылығында 105,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,3%-ды құрады. Осы салаға 4,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2020 жылмен салыстырғанда 106,8%-ға артқан. 69,7 мың гектарға егіс егіліп, жоспар 100%-ға орындалған.