ТҮРКІСТАН: Сарыағаштағы аурухананың құрылыс биыл аяқталады

0
412

Құрылыс өткен жылдың шілде айында басталған.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаштағы аурухананың құрылыс биыл аяқталады

Дархан Сатыбалды Сарыағаштағы орталық аурухана құрылысына жауаптылармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына барып, ғимараттың күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Мердігер мекеме басшысымен кездесіп, алдағы құрылыс жұмысының сапалы болуы пысықталды.


Тендерді ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге беріп, жауапкершіліктен қашатын компаниялардың әрекетін әшкерелеуді тапсырды. Өз ісіне жүрдім-бардым қарайтындарға қатысты қатаң шара қолдануды жүктеді.


Құрылыс өткен жылдың шілде айында басталған. Биыл сәуір айында толығымен аяқталу жоспарланған. Аурухананың жансақтау бөлімінде қазір күрделі жөндеу жүріп жатыр. Өңір басшысы сапаға басты назар аударуды, жұмыс кестесінің мерзімін қатаң сақтауды ескертті.


«Жылдамдатыңыздар. Бірақ, бұл сапаға кері әсер етпеуі тиіс. Аурухананы жөндеу оңай емес екені түсінікті. Қыруар қаржы құйылған құрылыс елге ұзақ уақыт қызмет етуі керек. Ісіне салғырт қарағандар олқылықтың орнын толтыруға міндетті. Сол себепті жанашырлық танытқан дұрыс болар. Жалпы, қолдарынан іс келмейтіндерді мұндай жауапты іске жолатпау керек. Басталған іс аяғына дейін жетуі тиіс. Біздің басты талап – жұмыс сапасы болып қалатынын ұмытпаңыздар», – деген әкім бөлінген ақшаны уақтылы игеріп, нысандарды мерзімінде тапсыруды ескертті.


1989 жылы салынған медициналық нысанның жалпы алаңы 10512,5 шаршы метр. Жер телімі – 5,5 га. Соңғы рет 2006 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Мердігер мекеме – «АГС-ПЛАСТ» ЖШС.