ТҮРКІСТАН: Сарыағаштық әйел екі жасар баласының аузы мен қолдарын байлап тастаған (видео)

0
2 633

Көпшілік анасының жауапсыздығына күйінсе, енді біразы аузы-басы байлаулы баласын босатпай бейнежазбаға түсіріп жүрген әкесінің әрекетіне ашуланды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаштық әйел екі жасар баласының аузы мен қолдарын байлап тастаған (видео)

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында екі жасар сәбиді анасы аузын бекітіп, қолдарын матап байлап тастаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы әлеуметтік желіде қоғам белсендісі әрі Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.

"Баланың құқығы дұрыс қорғалып жатыр ма?

Ерлі зайыпты ажырасқанда, баланы автоматты түрде анаға қалдырады. Ананың баланы бағуға, тәрбиелеуге шамасы жетеді ме, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ! Баланы былайша қорлау, психологиялық ауытқуы бар адамдар ғана жасайды. Ерлі зайыптылар ажырасу кезінде, сот психиатрдың тексеру анықтамасын талап ету керек деп ойлаймын! Әйтпесе қәзіргі жас балалардың өз өздерін суицидке итеруіде осы отбасылық жан жалдан!", деп жазды ол.



Оқиғаны Түркістан облысы полиция департаменті де растады.

"Бұл жайт бойынша 08.01.2020 жылы Сарыағаш АПБ-не сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Сондай-ақ, Сарыағаш АПБ қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 140-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғалған.

Сонымен қатар сот-медициналық сараптама тағайындалған. Бүгінгі таңда белгілі болған сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, баланың денесінен ешқандай жарақат немесе күш қолданудың белгісі анықталмаған.

Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында, ерлі-зайыптылар арасындағы дау ер азаматтың ұзақ уақыт бойы алимент төлемегенінен басталған. Бұл отбасы 2014-2018 жж. аралығында азаматтық некеде болған. Ерлі-зайыптының екі баласы бар - қыз және ұл бала. Баланың анасы ешқандай есепте тұрмайды.

Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары өз жалғасын табуда", - деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Желі арқылы тараған жантүршігерлік бейнежазба қолданушыларды да бей-жай қалдырмады.

Көпшілік анасының жауапсыздығына күйінсе, енді біразы аузы-басы байлаулы баласын босатпай бейнежазбаға түсіріп жүрген әкесінің әрекетіне ашуланды.