Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық жайлы мектепке барды.
Сенат депутаттары жұмыс сапарымен мақтаарал ауданында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Бектаев, М.Қадырбек және А.Сатыбалдиевтар Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелерден кеңінен хабардар болды.
Ең алдымен сенаторлар Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық жайлы мектепке барды.
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен бекітілген білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ауданда 2 жайлы мектептің құрылысы басталған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінен 1500 орындық және А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елдімекенінен 600 орындық мектеп құрылыстары жүріп жатыр.
Пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын жайлы мектептерде оқушылардың сапалы білім алуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалатын болады.
Мұнан соң халық қалаулылары ауданның индустриалды аймағында орналасқан тамшылатып суғаруға қажетті құрал-жабдықтарды және тұқымдық шитті өндіретін «BEGASH» ЖШС-на қарасты қос бірдей зауыттың құрылыс жұмыстарын көрді. Тамшылатып суғару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Ал мақта тұқымын өңдеу зауытының құны да 1,5 млрд. теңгені құрап, 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылады деп межеленген.
Депутаттар индустриалды аймақта мақтааралдық шаруалар мен шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту жолдары айтылып, мемлекеттік қолдаулар туралы мағлұматтар берілді. Сенаторлар ҚР Парламенті Сенатының өткен жылда атқарған жұмыстары мен Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында қабылданған заңдармен де таныстырып өтті.
Ауданның индустриалды аймағынан жақында ғана Орталық Азияда бәсекеге қабілетті «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты ресми түрде іске қосылған болатын. Кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының индустриалды аймағының жалпы жер көлемі 24,2 гектарды құрап, қазіргі таңда жалпы 5,45 млрд. теңге көлемінде 4 инвестициялық жоба іске асырылған. Алдағы уақытта 2 млрд. теңге көлемінде тағы 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2025 жылы іске қосылмақ.