ТҮРКІСТАН: Сенаторлар мәселелерді аяқсыз қалдырмайтындықтарын жеткізді

0
203

8 отбасыға арналып салынған арендалық үйлермен танысты.


ТҮРКІСТАН: Сенаторлар мәселелерді аяқсыз қалдырмайтындықтарын жеткізді

Сенат депутаттары Жетісай ауданына іссапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатыбалдиев Жетісай ауданына жасаған іссапарларын Қазыбек би ауылдық округінің Ә.Оспанов елді мекенінде 8 отбасыға арналып салынған арендалық үйлермен танысудан бастады.


Жалпы аумағы 548 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, қазан айында аяқталған. Коммуналдық жұмыстары да толық жүргізіліп, қолданысқа беруге дайын. Жеке кәсіпкер Тұрсынхан Ахылбековтың жеке қаржысы есебінен бой көтерілген баспаналардың құрылыс материалдары мен жұмыстардың сапасы жергілікті билік тарапынан да қатаң бақылауда болған.


Сонан соң сенаторлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Асықата кентінде салынған 900 орындық мектепте болды.


Мектептің жалпы аумағы 3 гектар. 50 сынып комплектісі мен 255 орындық асханасы, кітапхана мен арнайы оқу залы, шеберхана мен акт залы, медициналық пункт бар. 138 дана бейнебақылау камералары орнатылған.


Заманауи пәндік кабинеттермен, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған робототехника кабинеттерімен жабдықталған мектепті толық аралап шыққан сенат депутаттары жергілікті тұрғындармен, ұстаздармен жүздесті.


Оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалған, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін мұндай мектептің 29-ы Түркістан облысына, ал оның 6-ы Жетісай ауданына тиесілі екенін айтты.


Асықаталықтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар сенаторлар Жетісай қаласының орталық саябағында орналасқан «Б.Саттарханов» атындағы спорт кешенінде болып, спортшылармен де кездесті. Бүгінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесі орналасқан ғимаратта 61 топта 860 спортшы спорттың 7 түрімен тұрақты шұғылданып келеді. Түрлі деңгейдегі республикалық, халықаралық жарыстарды өткізуге есептелген және спорттың жекелеген түрлері бойынша жаттығу залдары, 150 орындық көрермен залы бар.


Іссапар соңында сенаторлар айтылған өтініштер мен көтерілген әрбір мәселелер бойынша елордаға барған соң алдағы парламент сессиясында күн тәртібіне енгізіп мәселенің шешілуіне оң ықпал жасайтындықтарын жеткізді.

Бөлісу