ТҮРКІСТАН: Шардарада енелер мен келіндер сайысы өтті

0
4 106

Сайыс жеңімпаздары мен барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен, аудан әкімінің дипломымен марапатталды.


 ТҮРКІСТАН: Шардарада енелер мен келіндер сайысы өтті

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа қала мен барлық ауылдық округтерден 10 ене мен 10 келін қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.

11 қыркүйек отбасы күніне орай Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен “Есті ене мен көрегенді келін – 2019” байқауына Шардара қаласы мен барлық ауылдық округтерден 10 ене мен 19 – 29 жас аралығындағы 10 келін қатысты.
Отбасы мен некенің беріктігін нығайту, шаңырақтың шайқалмауындағы ененің алатын орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі келіндердің рөлін түсіндіру, ене мен келін арасындағы сыйластықты күшейту арқылы отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтті.
Ене мен келіннің бірін-бірі таныстыруы тиіс “Сәлем – сөздің анасы”, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға қатысты сұрақтар қойылатын “Білгенге маржан”, енелер арасында өткен “Әжем айтқан ертегі”, отбасылық кикілжіңдердің алдын алу тәсілдеріне арналған “Қиын түйін”, келіндердің жанды дауыста бесік жырын айтуы тиіс “Ана әлдиі” мен келіндердің қамыр жайып, кеспе кесу қабілеттері сынға түскен “Келін кескен кеспе” сынды алты бөлімнен тұрған сайысқа Шардара аудандық іскер әйелдер одағы мен кәсіпкер нәзік жандылар демеушілік жасады.
“Біздің бұл сайысты өткізудегі басты мақсатымыз – бүгінде жас отбасылар арасында кездесетін қиындықтардың, әсіресе, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктердің алдын алу. Шаңырақтың ұйытқысы саналатын әйел затының қарым-қабілеті мен білімін, танымдық көзқарасын шыңдау. Әрбір шаңырақты үлгілі, өнегелі отбасы болуға насихаттау. Біз мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта Сүткент ауылында аналары мен 15 жасқа дейінгі қыздарымыздың қатысуымен "Қызым, саған айтам" атты аудандық байқау ұйымдастырмақпыз. Жалпы мұндай тәрбиелік мәні бар іс-шараларымыз желтоқсан айының соңына дейін жалғасады”, - дейді Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Қалшабекова.
Сайыс соңында өздерінің білімі мен ептілігінің, іскерлігінің арқасында өзгелерден оқ бойы озып шыққан жеңімпаздар мен түрлі номинацияларға ие болған қатысушылар демеушілер тағайындаған бағалы сыйлықтармен, аудан әкімінің арнайы дипломдарымен марапатталды.