ТҮРКІСТАН: Шардарада қылмыстық топ 18 рет мал ұрлаған

0
1 135

Жайылым жерлерде малдарының бірқатары жоғалғандығы жайында аудан тұрғындары полицияға арыз түсірген.


ТҮРКІСТАН: Шардарада қылмыстық топ 18 рет мал ұрлаған

Түркістан облысы Шардара ауданында белгісіз біреулер құны 3 млн теңге болатын малды ұрлап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Шардара аудандық полиция бөлімінің кезекшілік бөлімшесіне бірнеше тұрғындардан арыз түскен. Арызданушылар жайылымдық жерлердегі малдарының бірқатары ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтқан.

"Аталған арыз Шардара АПБ-не тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлері бірден бағыт алып тексеруді бастап кетеді. Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрақ-жауаптар алады, сонымен қатар мал базарлар мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексеріледі. Нәтижесінде, білікті полицейлер бірнеше адамдардан тұратын қылмыстық топты құрықтады", - деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталған қылмыстық топ 18 рет мал ұрлаған. Төрт түлікпен жан баққан жандарды тақырға отырғызып жүрген. Сондай-ақ тергеу барысында белгілі болғандай, ауылдағы бақташының бірі сеніп тапсырылған сиырларын жайылымдық жерде бағып жүріп, сол аймақтағы бөтен сиырларды өзінің табынына қосып алып кетіп, ұрланған малды сатып жібереді. Бірінші кезде арзан бағаға сатып алған сатушы яғни, қылмыстық топтың келесі бір мүшесі малды өзгеге өткізіп қомақты қаржыны қолға ұстағаннан соң, дәнігіп, әлгі бақташыға келіп сөз байласқан. Осылайша, екеуі сыбайлас болып, келесі жолғы арам пиғылдарын бірлесіп іске асырып тұруға уағдаласады.

Күдіктілер 2018 жылдың жаз мезгілінде 1 мал ұрлығын жасаса, күзде 9 ұрлық, ал қыс мезгілінде 8 ұрлықты жасап, олжаларын оңай жолмен тауып отырған. Қылмыскерлер жәбірленушілерге жалпы сомасы 3 миллионға жуық шығын келтіріп, ірі қараларды өз көліктеріне салып, ақшаға айырбастап отырған. Бас аяғы 18 ұрлықты жасаған. Соңғы он тоғызыншы ұрлықты іске асырып жатқанда қылмыс үстінде дәніккен барымташы қылмыстық топ құрықталды.

"Аудандық полиция бөлімінің қырағы полицейлерінің тынбай еңбектенуінің арқасында бірнеше адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Тәжірибесі толысқан тергеушілердің тер төгуінің арқасында қылмыстық іс өз дәлелін тауып отыр. Қазіргі таңда болған жайтқа байланысты тергеу амалдары жалғасып, қылмыскерлердің бұдан бөлек тағы да өзге қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр", - деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.