ТҮРКІСТАН: Шардарада өндіріс орнын ашу бойынша келіссөз жүргізілді

0
71

Бұл бастама ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.


ТҮРКІСТАН: Шардарада өндіріс орнын ашу бойынша келіссөз жүргізілді

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қытайлық инвесторларды қабылдап, маңызды инвестициялық жоба бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен барлық аудан, қалада өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген.


Осы ретте Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қытайлық инвесторларды қабылдап, маңызды инвестициялық жоба бойынша кездесу өткізді. Кездесу барысында инвесторлар тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыт салу жөніндегі жобасын таныстырды. Бұл бастама ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.


Кездесу барысында жобаны іске асыруға қажетті жер телімін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды. Аудан әкімі тиісті сала мамандарына бұл бағытта жүйелі әрі жедел жұмыс жүргізуді тапсырды.


Сонымен қатар инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері, салықтық және қаржылық жеңілдіктер, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан құжаттандыру, жер телімін бөлу, инфрақұрылымға қосу және жобаларды қысқа мерзімде іске асыру бағытында толық қолдау көрсетілетіні айтылды.


Инвесторлар ауданның өндірістік әлеуетіне жоғары баға беріп, ұсынылған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шаралары жобаны жүзеге асыруға қолайлы екенін атап өтті.


Тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.


Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестициялық ахуал жақсарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен қатар өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамытуға және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.


Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айында Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш – 2024 жылмен салыстырғанда 123% өскен. Өнеркәсіп қарқыны күшейді, 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жұмыс орны ашылды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Индустриалдық аймақтарда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50-ден астам жоба іске қосылды.

Бөлісу