Шараға түркістандық өнерсүйер қауым қатысты.
Түркістан қаласында «Шарықта, шалқар шабытым!» атты қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап кітапханасында «Шарықта, шалқар шабытым!» атты қайырымдылық концерті өтті. Тағылымды кеш «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Бакиевтің ұйымдастыруымен қолға алынған. Шараға түркістандық өнерсүйер қауым қатысты.
«Қазіргі таңда осындай іс-шаралар мен қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық - адамгершілік қасиетінің ең ізгі бастауы. Жанашырлыққа жан риза дегендей, қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр панасы болып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу - әрбір адамның азаматтық парызы», - деді Е.Бакиев.
Кеште рухты көтеретін әндер айтылып, домбыра күмбірімен көңілді тебіренткен күй көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, жан жадыратар өлеңдер оқыған көркемсөз шеберлері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.