Созақ ауылында «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды. Бұл мемориал 30-жылдары еліміздегі ашаршылықта және Созақ көтерілісінде құрбан болған мыңдаған шейітке арналып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ашылып отыр.
«Созақ қасіреті» мемориалы Созақ ауыл округіне кіретін күре жолдың бойындағы «Жастар» саябағында орнатылды. Демеушілер көмегімен салынған мемориалдың ұзындығы – 8 метр. Мұнда Созақ қасіреті жайлы толық мағлұмат беретін көк тақта қойылған. «Созақ қасіреті» мемориалының алдына көтеріліс пен ашаршылық деректері жазылған ескерткіш орнатылған. Тарихымызды түгендеп, өткенімізге баға берер іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, тарихымыздағы маңызды оқиғалар ұрпақ санасында қалатынын, еліміз үшін Созақтың орны ерекше екеніне тоқталды. Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Берік Әбдіғалиұлы, Хангелді Әбжанов және тағы басқа ел азаматтары бұл бастамаға жоғары баға берді.
Игі істі ұйымдастырып, демеушілік жасағандар қатарында Орынбек Ібіжанов, Бекет Тұрғараев, Сексенбай Тұрысбеков және тағы басқа қадірлі ел азаматтары бар.