Спорт кешенінің шатырына металл құрылымын орнатумен қатар, сылау жұмыстары атқарылуда.
Созақ ауданында жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков нысанның құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігер мекемеге кешенді уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Бүгінде спорт кешенінің шатырына металл құрылымын орнатумен қатар, сылау жұмыстары атқарылуда. Кешеннің оқу-жаттығу базасы барлық талаптарға сай жабдықталатын болады. Сондай-ақ, жаңа нысан түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы болмақ. Екі қабаттан тұратын ғимаратта волейбол, баскетбол алаңдарымен қатар, күрес, боксқа арналған зал бар. Одан бөлек, бассейн және футболмен айналысу үшін ашық спорт алаңы болады. Кешен құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.