ТҮРКІСТАН: Созақтағы ауылда екі бірдей нысан ашылды

0
215

Аумағы арнайы темір шарбақтармен қоршалып, көгалдандыруға мүмкіндік беретін орындар қарастырылған.


ТҮРКІСТАН: Созақтағы ауылда екі бірдей нысан ашылды

Созақтағы Қарақұр ауылында қос бірдей нысан ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданындағы Қарақұр ауылында жабық футбол алаңы мен округ әкімдігінің жаңа ғимараты ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды.


Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа нысандардың ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.


«Бүгін ынтамағы артып, береке-бірлігі жарасқан Қарақұр ауылында сұраныстарыңызға орай салынған қос бірдей нысанның құрылысы аяқталып отыр. Жаңа нысандар ауылдың ажарын аша түскені анық байқалады. Біз ауыл жастарының кез-келген мезгілде спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін жабық үлгідегі спорттық нысанның құрылысын өткен жылы Қаратау ауылынан бастап, ел игілігіне ұсындық. Бүгінде бұл жұмыстар Қарақұр ауылында жалғасын тауып отыр. Ендігі кезекте дәл осындай нысанды Сызған және Жуантөбе ауылдық округтерінен салу үшін тиісті құжаттары әзірленуде. Осы секілді спорттық нысандар барлық округтерде кезең-кезеңімен жалғасын тауып, бой көтеретін болады»,- деді аудан басшысы.


Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды құттықтап, жаңа ғимаратта округ әкімі аппаратының ұжымы елдің әлеуетін арттыру бағытында жігерлі жұмыс істейтініне сенім білдірді. Сондай-ақ жаңа спорт алаңына жиналған жастар спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мүмкіндік екендігін айтып өтті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Момбеков игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыс айтып, ақ батасын арнады.


Айта кетейік, жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын кіші футболға арнап ашылған жабық үлгідегі ойын алаңы талаптарға сай жабдықталып, онда командалардың киім ауыстыруына арналған арнайы бөлмелер қоса қамтылған.


Сондай-ақ жалпы аумағы 1600 шаршы метрді құрайтын әкімідік ғимаратының құрылыс жұмыстары өткен жылы аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Vek-Stroy-Com» ЖШС жүргізді. Нысанның сыртқы фосады дауыл мен жауынға төзімді етіп қапталған. Аумағы арнайы темір шарбақтармен қоршалып, көгалдандыруға мүмкіндік беретін орындар қарастырылған.