ТҮРКІСТАН: Түлкібаста білім ошағы көбейеді

0
1 474

Төрт жаңа мектептің, екі қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста білім ошағы көбейеді

Түлкібас ауданында білім ошақтарының саны көбейеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинге Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов мәлім етті. Әкім өз сөзінде ауданға облыстық бюджеттен құны 1 200 млн. теңгені құрайтын 300 орындық «Майлыкент» ЖОМ құрылыс жұмыстарының аяқталып, пайдалануға берілгендігін жетікізді. Спикердің айтуынша, қазіргі таңда ауданда 150 орындық «Тұрсынбеков» НМ және «Г.Титов» ЖОМ, 300 орындық «Бақыбек» мөлтек ауданындағы мектептердің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Ынтымақ ауылындағы «А.Оразбаева» атындағы ЖОМ-ға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


«2023-2025 жылдары Түлкісбас ауданында төрт жаңа мектептің, екі қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланған. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы Т.Рысқұлов ауылында 600 орындық, Састөбе елді мекенінде 300 орындық екі мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қосымша Тастұмсық елді мекеніне 600 орындық мектептің құрылысына ұсыныс берілсе, Көкбұлақ және Көктерек ауылдарына 150 орындықты мектеп құрылыстарына СЖТ дайындалып жатыр», - дейді аудан басшысы.


Сонымен қатар, аудан әкімі аудандағы құрылыс жұмыстарының 6 айлық көрсеткішіне тоқталды. Бұл ретте, құрылыс жұмыстарының көлемі 6 айдың қорытындысымен 1 961,2 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 127,0 пайызды құраған. Сондай-ақ, 7 860 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал инфрақұрылым бойынша 2023 жылы төрт елді мекеннің дамуына берілген жер телімдерінің инженерлік инфрақұрылым құрылысына 693,3 млн. теңге қаржы қаралған.


Қазіргі таңда аудан бойынша 27 мың адам жер кезегінде тіркелген. Осы орайда алты елді мекенге инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық сметалық құжат әзірленген. Жалпы жер телімінің көлемі 156,2 гектарды құрап, инфрақұрылым жүргізілген жағдайда 580 жер учаскесі үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 480 млн. теңге қаралып, жыл соңына дейін 50 тұрғын үй сатып алынбақ.


Брифингте «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында салынып жатқан жерасты туннелінің құрылысы да сөз болды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында Шақпақ баба ауылында жерасты жолының құрылысымен танысқан болатын. Жобаның жалпы құны - 8,5 млрд теңге. Туннельдің ұзындығы - 840 метр, ені - 13. Құрылысы 2013 жылы басталып, бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Туннель құрылысына келетін болсақ, "Тараз-Шымкент" бағытында бұрғылау-жару жұмыстары мен монолитті бетон құрылысы толығымен аяқталған. Жол төсемі мен дренаждық құрылғы үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оң тоннель бойынша, яғни "Шымкент-Тараз" бағыты бойынша бұрғылау, сондай-ақ 345 метр монолитті бетон салу жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың аяқталуы 2023 жылдың қараша айына жоспарланған.