ТҮРКІСТАН: Түлкібаста сусын өндіру зауыты ашылды

0
72

Бұл судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста сусын өндіру зауыты ашылды

Түлкібас ауданында заманауи сусын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында АҚШ-тың әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылды. Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.


Жаңа зауыттың ерекшелігі – заманауи неміс және италиялық технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Өндірісте пайдаланылатын су кәсіпорын маңындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, жоғары халықаралық стандарттарға сай тазартылып отырады. Бұл судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен.


Жаңа зауыт 100 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауыл экономикасының жандануына, тұрғындардың әлеуметтік ахуалының жақсаруына тікелей әсер ететін маңызды қадам.


Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларға тоқталды:


– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Бұл жоба – сол тапсырмалардың нақты орындалуының айғағы. Жергілікті әкімдік инфрақұрылымды жеткізіп, барлық қажетті қолдауды көрсетті. Ендігі міндет – сапалы өнім шығарып, оны тек ішкі емес, сыртқы нарыққа да ұсыну. Өңіріміздің дамуына үлес қосатын жобаның сәтті жүзеге асуына тілектеспін, – деді облыс әкімі.


Ашылу рәсіміне «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова, сондай-ақ жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» ЖШС құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысты. Олар бұл жобаның Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетінін айтты.


Кәсіпорынға шамамен 9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін сусын өндіре алады. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылып, Қазақстан нарығынан бөлек, көрші елдерге де экспортталмақ.


Жобаны іске асыру аясында ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес, зауыттың инфрақұрылымын жеткізу үшін 705 млн теңгеге 6140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды. 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылды.


Жаңа өндіріс орны – Түркістан облысының индустриалды-инновациялық даму стратегиясының нақты жемісі. Бұл – импортты алмастыратын, экологиялық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға негізделген заманауи өндіріс орны ғана емес, сонымен қатар инвесторлар сенімін арттыратын маңызды жоба.


Зауыттың жалпы аумағы – 5 565 м². Өнім түрлері – RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз сусындар. Экспорт географиясы – Қазақстан мен Орталық Азия.

Бөлісу