ТҮРКІСТАН: Туысының көлігін ұрлап кетіп, апатқа ұшыраған күдікті ұсталды

0
1 103

Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 12 миллионнан астам теңгені құраған.


ТҮРКІСТАН: Туысының көлігін ұрлап кетіп, апатқа ұшыраған күдікті ұсталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Жетісай ауданында болашақ қайынжұртына барған шымкенттік азаматтың көлігін туысы ұрлап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны болашақ қайынжұртының үйіне барып, көлігін үйдің сыртқы жағына қойып кеткенін, алайда қайта шыққанында автокөлігі жоқ екенін айтып, арызданған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 12 миллионнан астам теңгені құраған.

Нәтижесінде, аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеліп, аулада тұрған автокөлікті рұқсатсыз айдап әкету дерегін ашу мақсатында аудандық полицейлер жедел іс-шаралар жүргізген. Сондай-ақ, автокөлікті жымқыру жайтынан соң, дәл осы түні 3-4 сағат өткеннен кейін, орталық ауруханалардың біріне жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатымен бірнеше жас жігіттердің түскендігі туралы хабарлама келіп, аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабымен «Көлік құралдарын басқаратын адамдарның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» қылмыстық іс ретінде тіркелген.

Сонымен қатар, тексеру барысында үлкен тас жол бойында автокөлікті басқарып келе жатқан жүргізуші жылдамдықты межеден асырып, соның салдарынан көлікті игере алмай, электр бағанасына соқтығысқаны белгілі болған және жол-көлік апатына түскен көлік аулада тұрып із-түссіз жоғалған көлік екені анықталған.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көлікті рұқсатсыз айдап кеткен жас жігіт жолдастарын отырғызып, қала ішінде қыдырып жүрген. Оған қоса, күдікті жігіт бұған дейін де көлікті мас халде басқарғандығы үшін жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты. Қазіргі таңда күдікті қамауда.