Жұмыспен қамтылғандардың саны 30 123 адамға жетіп отыр.
Түркістан облысында «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 1 290 жоба жүзеге асырылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 2020 жыл қорытындысы бойынша 1 290 жоба жүзеге асырылған. Оған 4,6 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бағытталған. Қаржыландырылған жобалар 1400-ге жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев мәлімдеді.
Аталған микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бері Түркістан облысының кәсіпкерлеріне жылына 5 пайыздан бастап жеңілдетілген несие беру арқылы оларға қолдау көрсетіп келеді. Былтырғы жылы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі - мал және егін шаруашылығына тиесілі. Мәселен, мал шаруашылығында 2 млрд 96 млн теңгеге - 340 жоба, қызмет көрсету саласында 530,6 млн. теңгеге - 65 жоба, өсімдік шаруашылығында 1 991 млн. теңгеге - 871 жоба, өндіріс саласында 36 млн. теңгеге - 3 жоба, тұтынушылық несиелер бойынша 9 млн. теңгеге - 11 жоба жүзеге асырылған.
«Мекеме 12 жылдық қызметі аясында өзінің экономикалық маңызы жағынан жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленіп келеді. Атап көрсетсек, 2009-2020 жылдар аралығында облысымыздың 20 250 тұрғыны жеңілдетілген несие және лизингке қол жеткізіп, 43,4 млрд. тенгеге қаржыландырылған. Несиелендірілген жобалар нәтижесінде жұмыспен қамтылғандардың саны 30 123 адамға жетіп отыр»,- деді Мұхит Мамытұлы.
Басқарма төрағасының орынбасары Айтжан Нұрлыбаевтың айтуынша, ұжым былтырғы көрсеткішті еселеу бағытында жұмыстар атқармақ. Жоспарға сай өңір халқының күнкөріс деңгейіне қарай ауыл шаруашылығы салысына қарай басымдық беріледі.