ТҮРКІСТАН: Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамту жұмысы жалғасады

0
578

Өткен жылы Денсаулық сақтау басқармасының Call-центріне 19 мыңнан астам қоңырау түскен.


ТҮРКІСТАН: Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамту жұмысы жалғасады

Түркістан облысында заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамту жұмысы жалғасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл 49 медициналық пункттің құрылысы басталады. Атап айтсақ, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 мединицалық пункт құрылысы қарқын алады. Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды.


Облыс әкімі аталған нысандардың құрылысын құрылыс басқармасымен қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтып, медициналық нысандарды құрал-жабдықтармен қамту ісін жандандыру қажеттігін тапсырды.


«Халықтың денсаулығын сақтау, жақсарту, қауіпті аурулардың алдын алу – маңызды мәселе. Әр аудан, қаланы зерделеп, аурулардың таралу көрсеткішіне сараптама жасап, нақты жұмыс жүргізген жөн. Тұрғындар денсаулығын сақтауда алдын алу жұмыстарын жандандырыңыздар. Спорттық іс-шараларды көбейту, саламатты өмір салтын насихаттап, оны күнделікті өмірге енгізу маңызды Ауыл-аймақтарда да сапалы медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Емдеу мекемелері тарапынан ұсынылатын дәрі-дәрмектер туралы ақпаратты ел білуі керек. Халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, денсаулығын жақсартуға күш салыңыздар», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің өзекті мәселелері бойынша бүгінгі таңда облыста 372 589 азамат Медициналық әлеуметтік жүйесінен тыс қалуда.


Өткен жылы Денсаулық сақтау басқармасының Call-центріне 19 мыңнан астам қоңырау түскен. Оның 18 мыңнан астамы – мәлімет алу, алғыс айту, кеңес алу. Негізгі шағымдар мен ұсыныстар этико-деонтологияға, медициналық көмектің сапасыздығына, жекеменшік медициналық мекемеге тіркеп алу бойынша түскен.


Өңірдің медициналық қызметкерлермен қамтылуы республика деңгейінде жоғары. Алайда бүгінгі таңда 245 бейінді маманға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 139 грантқа қаржы бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек қаржысын ұлғайту жұмыстары қолға алынуы қажет.


2023 жылы 712 дана, оның ішінде ауыр 32 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 4 санаттағы 75 жедел-жәрдем автокөлігі және 716 компьютер берілді. Биыл медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 6 млрд. теңге қаржы қарастырылды.


Одан бөлек, өңірде 61 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандардың қажеттілігі бар. Аталған мәселені инвестор салған дайын ғимаратты сатып алу немесе жеке клиникасы бар медциналық ұйымға елді мекеннің халқын тіркеу арқылы медициналық нысандарды салу жоспарлануда.


Жиында дәрігерлер тапшылығын жою, МӘМС жүйесіндегі жұмысты жандандыру, тұрғындарды медициналық мекемелерге тіркеу бойынша кемшіліктерді жою, инвесторлар тарту, медициналық нысандарды құрал-жабдықтармен қамту ісін жандандыру мәселелері сараланып, тиісті ұсыныстар айтылды.