ТҮРКІСТАН: Жағажай күл-қоқыстан тазартылды

0
3 050

Тұрғындардың қатысуымен өткен тазалық жұмыстарында 40 тонна күл-қоқыс шығарылды.


ТҮРКІСТАН: Жағажай күл-қоқыстан тазартылды

Шардара ауданы әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған жаппай сенбілікке 10 мыңнан астам тұрғын қатысты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлының бастамасына қолдау білдірген ауыл билері мен көше төрағаларының ұйытқы болуымен Шардара қаласы мен ауылдық округтерден 10 мыңнан астам тұрғын жаппай сенбілікке шықты.
Шардара су қоймасы бойында орналасқан “Алтын” және “Күміс” жағажай демалыс аймағынан бастау алған тазалық жұмыстары қала мен елді мекендерде жалғасын тапты. Әр азамат өзі тұратын тұрғылықты жерін, көшесін, ауылын тұрмыстық қатты күл-қоқыстардан тазартуға атсалысты.
Сенбілікке қатысушыларды автобустармен тасымалдауды, жол жиегі мен арық-атыздардағы күл-қоқыстарды арнайы полигондарға шығаруда жүк көліктерімен және қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз еткен аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен қала әкімі Ережеп Бекет мырзалар сенбілік жұмыстарының тек құрғақ мезгілдерде ғана емес жыл бойына жалғасатынын айтады.
“Қоршаған ортаны таза ұстау – баршамыздың азаматтық парызымыз әрі міндетіміз. Мұндай ірі көлемдегі сенбіліктерді өткізу біздің күн тәртібімізден түскен емес. Өйткені, табиғаттың тазалығы – адамзат саулығының кепілі” , - дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.
Айта кетейік, таң азанымен бастау алған тазалық жұмыстарына 4 арнайы техника жұмылдырылып, 40 тонна қоқыс шығарылды.