Рейд барысында құзырлы орган қызметкерлерін көре салысымен дүңгіршектерін жауып, қашқан кейбір азаматтар көп ұзамай үйреншікті тірліктерін қайта жалғастырды.
Шардара ауданы әкімінің бастамасымен «Алтын» және «Күміс» жағажайлардағы жабайы сауда жасаушыларға рейд жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Рейд барысында анықталғандай, «Шардара орман және жануралар дүниесiн қорғау» мекемесiмен 9 жеке тұлға ғана келiсiм-шартқа отырған. Келісім-шарт болғанымен ондағы талаптар мүлдем сақталмаған. Жұмыс жүргiзу тәртiбi мүлдем талапқа сай келмейтін пайда табушылардың шомылушылардан жинайтын ақшалар мен сусындардан, спиртті ішімдік сатудан түскен табыстарынан салықтың төленіп-төленбейтінін де ешкім нақты айта алмады. Қолдарында жеке кәсіпкерлігін растайтын сауда-саттық саласымен айналысушылардың тұтынушыға беруі тиіс фискальді-чектері де болмай шықты. Орын алған заң бұзушылықтарға байланысты кінәлі азаматтарға жауапты мекемелер тарапынан заң аясында шаралар көрілетін болады.