ТҮРКІСТАН: Жанармай тапшылығын қолдан жасап отырған бекеттер бар

0
1 025

Шекара аймақтарында энергетика бекеттері құрылды.


ТҮРКІСТАН: Жанармай тапшылығын қолдан жасап отырған бекеттер бар

Түркістан облысының шекара аймақтарында энергетика бекеттері құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы шекаралық аймақтарда энергетика бекеттері құрылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов мәлім етті.


Басқарма өкілінің сөзінше, энергетика бекеттері дизель отынын көршілес елдерге заңсыз тасымалдау жолын кесу мақсатында жұмыс істейді. Сондықтан олар шекаралық аймақтарда орналасқан және қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы - «Жібек жолы», «Қазығұрт», Келес ауданындағы - «Б. Қонысбаев», Мақтаарал ауданындағы «Сырдария», «Атамекен», «Целинный» өткізу пунктерінде жұмыс істеп тұр.


«Облыста жанармай тапшылығын жасанды түрде тудырып отырған жанармай бекеттерін тексеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына облыс әкімдігі, Мемлекеттік кірістер, Экономикалық тергеп тексеру, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің мамандары енген жұмысшы тобы Шымкент-Сарыағаш, Сайрам-Түлкібас, Түркістан-Шымкент бағытындағы жол бойында орналасқан бекеттерді тексеріп, біршама кемшіліктерді анықтады», - деді Қанат Шонбасов.


Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%). 13 сәуірдегі дерек бойынша жанармай құю бекеттерінде АИ-92 – 1 мың 821 тонна, АИ-95 – 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар.


Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құрады. Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаны құрап отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Енді осы тапшылықты болдырмау бағытында жұмыстар күшеймек.