Түркістан жасыл қалаға айналатын күн жақын

0
1 096

Жасыл белдеу аумағында су арналары мен жасанды көл пайда болады


Түркістан жасыл қалаға айналатын күн жақын

ERNUR.KZ. 2021 жылы Түркістан қаласының аумағындағы 300 гектар жерге түрлі сәндік ағаштар отырғызылады. Бұл жұмыстарды «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Жасыл белдеу» жобасы аясында атқарып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан маңын абаттандыру, жасыл желекті арттыру мәселесіне баса мән беріп, тиісті тапсырмалар берген болатын.

Соған сәйкес, 2019 жылы 2300 гектар аумаққа ағаш отырғызылса, биыл 2400 гектар жерге көшет егу жоспарланған. Қазіргі таңда, соның 1234 гектарына 1 800 205 дана ағаш отырғызылған. Оның 770 мыңға жуығы «Жасыл белдеуге», қалғаны тұқымбаққа егілген. Ағаштарды күтіп баптау мақсатында бірнеше жерден арнайы ұңғымалар қазылып, отырғызылған көшеттер қоршауға алынған.

Осы алқапты аралдау барысында өңір басшысы Ө.Шөкеев «Қаланың іші мен айналасын көгалдандыру – жаңарған шаһардың құрылысындағы маңызды мәселелердің бірі. Жасыл алқап Түркістанның табиғи тынысына айналады. Соның арқасында ауа тазарып, қала шаң мен желді дауылдан қорғалады. Сонымен бірге, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны болары сөзсіз. Өйткені жасыл белдеу аумағында су арналары мен жасанды көл пайда болады» деген болатын.

Айта кетейік, «Жасыл белдеуге» Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбағдарында өсірілген жай арша, боз арша, шаған, үйенке, қарағаш, акация, терек, жиде, жыңғыл, айлант көшеттері пайдаланылуда.

Сонымен бірге Түркістанды түлетуге аудандар мен басқармалар да атсалысып жатыр. Олар қаланы 32 секторға бөліп, абаттандыру жұмыстарымен айналысып келеді. Алдағы уақытта Түркістан жасыл қалаға айналады деген сенім басым.

Қанат Байсов,
журналист.