12-17 жас аралығындағы оқушылар мен жүкті, локтация кезеңіндегі әйелдерге коронавирусқа қарсы «Pfizer» вакцинасын салу жұмыстарын жүргізу, жандандыру, ата-аналарына вакцинаның тиімділігі мен бас тартқан жағдайдағы орын алуы ықтимал салдарын түсіндіру жұмыстары талқыланды.
Әлемді әбігерге салып, жүректерге үрей ұялатқан covid19 індетінен сақтану, оның алдын алу мәселелері бойынша аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Ол үшін қоғамдық иммунитетті қалыптастыру аса маңызды. Өзіміз бен жақындарымызды індеттен қорғау үшін не істеуіміз керек? Қоғамдық иммунитетті қалай қалыптастырамыз? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеген жетісайлық БАҚ өкілдері мен жауапты сала мамандары брифингте бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданы әкімдігінде өткен брифингке аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, «Жетісай» аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ләйла Мамыраймова, «Жетісай» аудандық орталық ауруханасының иммунолог-дәрігері Сақыпжамал Уалиева, Жетісай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқарамасы басшысының орынбасары Роза Нысанова мен Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Бас қосуда аудандағы 12-17 жас аралығындағы оқушылар мен жүкті, локтация кезеңіндегі әйелдерге коронавирусқа қарсы «Pfizer» вакцинасын салу жұмыстарын жүргізу, жандандыру, ата-аналарына вакцинаның тиімділігі мен бас тартқан жағдайдағы орын алуы ықтимал салдарын түсіндіру жұмыстары талқыланды.
Жауапты сала мамандарының берген мәліметіне сүйенсек биылғы жылдың басынан бері covid19 індетін жұқтырғандар саны 1471 болса, оның ішінде мектеп оқушылары 155, мектеп қызметкерлері 91. Ал, жалпы оқу жылы басталған қыркүйек айынан індетке шалдыққан 66 оқушының 18-і симптомды, 48-і симптомсыз болса, 33-і қызметкерлер. 66 оқушыларға қатысты 40 жағдай мектепке байланысты болғандықтан 12 сыныптан 270 оқушы, 33 қызметкерге қатысты 29 жағдай мектепке байланысты болғандықтан 40 сыныптан 752 оқушы медициналық бақылауға алынып, карантин талаптарына сай онлайн форматта оқуға жіберілген.
«Аудан бойынша «Pfizer» вакцинасын 11 мың адамға салу жоспары бар. Оның 9063-і балалар, 615-і 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер және қалғаны локтация кезеңіндегі емізулі аналар. Өткен аптада осы үш категория бойынша 500-ге тарта адамға екпе егілді. 700 балаға мүлдем екпе егілмейді, өйткені, олардың ішінде медициналық шектеуі барлар мен «D» есепте тұратындары бар», дейді «Жетісай» аудандық орталық ауруханасының иммунолог-дәрігері Сақыпжамал Уалиева.
Бүгінде аудандағы 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге, емізулі аналарға 1170 доза «Pfizer» вакцинасы жеткізілген.
Айта кетейік, эпидахуал күрделенгелі covid19 індетіне шалдыққан 1691 адамның 1471-і, пневманияға шалдыққан 794 адамның 747-сі биылғы жылдың еншісінде.
«Инфекциялық ауруханада қазірде 120 төсек-орын бар. Ем қабылдап жатқан 106 науқастың 74-і жүкті, 2-і босанғаннан кейінгі локтация кезеңіндегі әйелдер. Ал, балалар бөлімінде 31 бала пневманияға ем қабылдап жатыр. Жалпы алғанда, жыл басынан бері 1183 жүкті әйел індетке шалдығып, емделіп шыққан. Жүкті әйелдер мен балалар иммунитетінің төмен, организмдерінің ауру жұқтыруға бейім болуы – вакцина егудің қажеттілігін айқындайды», деді «Жетісай» аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ләйла Мамыраймова.
Елдегі эпид жағдайды тұрақтандыру, өлім-жітімді азайтып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, екпе ектірген азаматтардың үлесін 70% жеткізу арқылы қалыпты, қауіпсіз қоғамға қайта оралуға мүмкін бар көрінеді.
Осы мақсатта жауапты мамандар аудандағы барлық мектептер мен арнаулы орта оқу орындарында жастармен, олардың ата-аналармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Егу мекемелері мен егу пункттерінің дайындығы пысықталып, балалармен, ата-аналармен жұмыс жасау тәсілдеріне мониториг жасалуда.
Брифинг соңында сала мамандары әлеуметтік желілерде екпеге қатысты айтылып, таратылып жатқан алып-қашпа әңгімелер мен бейнероликтердің негізсіз екендігін, өйткені, күдік тудырған кез-келген сұрақтарға министрліктер мен денсаулық сақтау мекемелерінің сайттарынан жауап алуға болатындығын айтып, жалған ақпаратқа сенбеуге және таратпауға шақырды.