ТҮРКІСТАН: Жетісайда 180 бітіруші «Алтын белгі» иегері атанды

0
2 049

Қай кезде болмасын ұстаздар еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің білімімен бағаланатыны белгілі. Сапалы білім мен саналы тәрбие – бұл бүгінгі заманның талабы.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 180 бітіруші «Алтын белгі» иегері атанды

Жетісай ауданында Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына және «2019-жыл – Жастар жылы» аясында аудан әкімінің «Жолың болсын жас түлек» атты мерекелік кеші болып өтті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биылғы мектеп түлектерінің «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттау салтанатын Жетісай жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтті. «Қажымұқан» орталық стадионында мерекелік концерт ұйымдастырылып, үкілі үмітті ақтаған түлектерге аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев пен Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы Айгүл Қасымбекова алғыс хаттар табыс етті.
«Мектеп – адамзатты тәрбиелеуші алғашқы орта. Талай-талай ғалымды да, ақынды да үлкен өмір сахнасына тәрбиелеп, қанаттандырып ұшырған алтын ұямен қоштасу кімге де болса оңай тимесі анық. Сіздер үлкен өмірге қанат қаққалы тұрсыздар, баршаңызға сәттілік тілеймін! Алған білімдеріңізді ары қарай шыңдап, еліміздің өркердеуіне еңбек етіңіздер! Болашақ сіздердікі, сондықтан, біз елімізді сенімді қолға тапсырып жатқанымызбен мақтанатын, марқаятын болайық!» деген аудан басшысы жас түлектерге ағалық ақылын айтып, сәттілік тіледі.
Жалпы биыл 2018-2019 оқу жылында аудандағы 70 мектептен қанат қаққан 2627 түлектің 180-і «Алтын белгі», ал, 110-ы «Үздік аттестат иегері» атанып отыр.
Олардан бөлек, 9-сыныпты бітіруші 3661 білім алушыдан 394 оқушы негізгі орта білімі туралы үздік аттестат иегерлері.
Сонымен қатар түрлі деңгейлердегі республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында жүлдегер атанған оқушылар мен аудан ұстаздарының қажырлы еңбектерінің нәтижесінде Жетісай ауданының білім саласы облыс бойынша алғашқы үштіктер қатарында.
Салтанатты марапаттау соңында аудан өнерпаздары тарапынан концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Би биленіп, күй төгілді. «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлеріне мерекелік от шашу болды.