Былтырғы жылмен салытсырғанда 3,5 млрд. теңгеге артық өнім өндірілген.
Жетісайлық шаруақожалық лимон көшеттерін отырғызып, мол өнім алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы, Жетісай ауданында орналасқан "Досжан" шаруақожалығы бүгінде лимон өсіруді қолға алып отыр. Жылыжай кешенінің 30 соттық жеріне лимон көшеттерін отырғызған. Енді шаруа 3 жылдан соң мол өнім алуды жоспарлауда.
Бұдан бөле шаруақожалық 1,6 гектар жерге қызынақ егіп, бірінші айналымынан 100 тонна өнім алса, 10 соттық жерге қияр егіп, одан 8 тонна өнім алған.
"Жылыжайдың екінші айналымына қияр, баклажан, қызанақ егілді. Енді қыс мезгілінде өнім алуды жоспарлар отырмыз. Жылыжайдан өндірілген өнімдерді жергілікті жерге өткіздік, ал артылғанын облыс, қалаларға жөнелттік. Шаруақожалыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жылына екі рет соттығына 15 мың теңге субсидия төленуде", -дейді Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округі әкімдігінің жер инспекторы Нұрлан Бижігітов.
Жетісай ауданының мәліметіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласында жалпы өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 102,7% құраған. Оның ішінде егін шаруашылығы 105,3%, мал шаруашылығы 101,4%. Қаржыға шаққанда өндірілген өнім көлемі 16 млрд. 464,2 млн. теңгені құрап отыр. Оның ішінде - мал шаруашылығы 9 млрд. 538,1 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы 6 млрд.926,1 млн. теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 8 айында 3,5 млрд. теңгеге артық өндірілген деп отыр.
Ал, 2019 жылы ауданда 77,3 мың гектар астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақылдар 4931 га, мақта 45028 га, көкөніс және бақша дақылдары 19884,6 га, мал азықтық дақылдары 6474 га, жеміс жидек және жүзім 883,7 га жерге егіліп отыр.
Сол сияқты дәнді дақылдардан 16951 тонна, көкөніс және бақша дақылдарынан 557661,6 тонна, мал азықтық дақылдардан 101882,4 тонна, жеміс-жидек және жүзімнен 7152 тонна өнім алынған.