Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов «Жаркент жүгері өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Вилиян Халиковпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, ауданға инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі, қарқынды жүргізу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов «Жаркент жүгері өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Вилиян Халиковпен кездесті.
2005 жылы Алматы облысының Панфилов ауданында ашылған зауыт тәулігіне 350 тонна, жылына 120-140 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы. Бүгінде 300 адам тұрақты жұмыс істейтін зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды.
Аудан басшыларына бастамасына тәулігіне 100-120 тонна жүгері өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті екенін айтқан алматылық инвесторлар 1 мың гектар егістік жер де сұрады. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ. Алдағы уақытта инвесторлар өнім көлемін арттырып, 300-ге жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндіктері бар екенін айтады.
Айтылған ұсыныстардың тиімділігіне қарай сала мамандарымен кеңесіп, шешім қабылданатынын жеткізген аудан басшысы ортақ келісім жасалған жағдайда қажетті инфрақұрылымдармен толықтай қамтамасыз етуге уәде берді.
Сала мамандарының мәліметінше, өткен жылы ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15053,9 млн. теңгеге жеткен. Оның 8771,6 млн. теңгесі бюджет есебінен болса, 6133,3 млн. теңгесі жеке қаражат есебінен тартылған.