Бұл бұрын соңды Қазақстанда болмаған рекорд.
Елімізде індетке байланысты Наурыз мерекесіне арналған біршама іс-шараларды тоқтатқан болатын. Десе де Түркістан қаласына қарасты этноауылға Отырардан арнайы керуен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақ халқының өткенін көз алдына әкелетін этноауылда Наурыз мерекесі ерекше ұйымдастырылған. Кіреберісте қазақтың ұлттық қолөнерін паш ететін көрмеден бастап, аттың құлағында ойнаған қыз-жігіттер, садақ тартқан жауынгерлер, құмай тазы мен қыран бүркіт, қатарынан тізілген киіз үйлер көз тартады.
Түркістан облысына қарасты аудандардан келген өнерпаздардың жүректі тербететін әндері мен мың бұралған билері, домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында сахналанған қойылымдар келген қонақтардың көңілін көтерді. Үздік өнер көрсеткен өнерпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.