Әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын бұл дәстүрлі додада елдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшылары 20 спорт түрі бойынша бақ сынасты.
Түркістан қаласында «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорт ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, облыстың намысын абыроймен қорғаған спортшыларды жеңісімен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Бұл дүбірлі додаға өңірімізден 200-ге жуық спортшы қатысып, спорттың 20 түрінен бақ сынасты. Тартысты өткен жарыс қорытындысында Түркістан облысы 498 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте І орын иеленді. Облыс құрылғаннан бері қатарынан екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Яғни осыған дейін Маңғыстауда да болған жарыста жүлделі бірінші орынды алған болатын. Бұл өңірімізде бұқаралық спорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын, спорт инфрақұрылымының нығайып, ауыл-аймақтарда дене шынықтырумен айналысатын тұрғындардың артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай жоғары нәтиже – спортшыларымыздың табанды еңбегінің, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің және жергілікті атқарушы органдардың спорт саласына көрсетіп отырған қолдауының жемісі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Марапттау рәсімінде жүлдегерлер қатарынан аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, көкпар, қол күресі, кикбоксинг, жекпе-жек, қазақ күресі, волейбол (ерлер), үстел теннисі, гір спорты, бес асық сынды спорт түрлерінен 2-3-орын алған спортшылар мен олардың жаттықтырушылар да құрметке бөленді.
Айта кетсек, Алматы облысында ауыл спортын дамыту мен бұқаралық спортты насихаттау мақсатында VIII республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары өткен болатын. Әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын бұл дәстүрлі додада елдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшылары 20 спорт түрі бойынша бақ сынасты. Жарыс соңында өткен марапаттау салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, медальдар және кубоктар табыс етілген болатын.