Коронарографиялық зерттеу әдісін қолданысқа енгізді.
Түркістанда бірінші рет жүректің коронарлық артерияларын стенттеу отасы жүргізілді,деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда бірінші рет бес науқасқа жүректің коронарлық артерияларын стенттеу отасы жүргізілді. Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері жүректің ишемиялық ауруларын диагностикалаудың алтын стандартын яғни, коронарографиялық зерттеу әдісін қолданысқа енгізді.
Науқастар арасынан екі адамға «транслюминальды баллонды ангиопластика» және бір пациентке «коронарлық артерияларды стенттеу» операциялары жасалды, қалған екеуінде ангиопластика мен стенттеуге ешқандай көрсеткіш анықталмаған. Осыған дейін жасалған оталар әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында ешқандай асқынусыз сәтті өткен. Қазіргі таңда 5 науқастың жағдайы жақсы, отбасыларына оралған.
Аталған коронарлық артерияларды стенттеу жүйесі жүрек артерияларының тарылуына немесе окклюзиясына (толық жабылуына) байланысты коронарлық артерия ауруының (стенокардия, миокард инфарктісі) түрлерін емдеуге қауқарлы. Сонымен бірге отаның бұл түрі ешқандай кесусіз, микрохирургиялық жабдықпен ауыртпалықсыз, жергілікті анестезиямен орындалады.
Ақ халаттылардың айтуынша, олар алдағы уақытта Түркістан қаласы және көршілес өңір тұрғындарына тегін, сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын.
Ота барысында ангиограф аппаратының астында коронарлық арнаның бүкіл көрінісін көріп, зардап шеккен тамырдың ішіне стент енгізіледі. Нәтижесінде артерия тамырының қабырғасының жабылуына жол бермейді және қалыпты қан ағымын қамтамасыз ету арқылы инфарктың алдын алуға көмектеседі.
Сондай-ақ дәрігерлердің мәлімдеуінше, стенокардия ұстамаларының жиілігі мен күші азаяды, қан айналымының бұзылу қаупі төмендеп, физикалық белсенділік жоғарылайды. Ол жағдайда оңалтудың қажеттілігі туындамайды, операциядан бірнеше күн өткен соң қалыпты өміріне оралуына мүмкіндік туады.