Биылғы облыс біріншілігіне барлық аудан, қаланың мәслихат депутаттарынан құралған 18 команда қатысуда.
Түркістанда өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттары арасындағы кіші футболдан облыстық біріншілік басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысты. Өңір басшысы саламатты өмір салтын насихаттап жүрген депутаттарды құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
– Бүгін өңірде спортсүйер депутаттардың қатысуымен үлкен жарыс өтіп жатыр. Аудан, қалалардағы мәслихаттардан мықты командалар келіп, кіші футбол бәсекесінде шын мықтыны анықтауда. Бұл – тек спорттық дода ғана емес, бірлікті нығайтатын, салауатты өмір салтын дәріптейтін маңызды іс-шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта облысымызда жүйелі жұмыстар атқарылып, спорт инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қала мен ауылдарда заманауи спорт алаңдары, жаттығу орталықтары ашылып, бұқаралық спортты дамыту қарқыны жыл сайын артып келеді. Оның ішінде Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, ескек есу кешені елге қызмет етуде. Биылғы 8 ай қорытындысымен экономикалық өсім бойынша да облысымыз үздіктер қатарында келе жатыр. Бұл – барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен біріккен жұмыстың нәтижесі. Еліміз өркендеп, Түркістанымыз дами берсін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Биылғы облыс біріншілігіне барлық аудан, қаланың мәслихат депутаттарынан құралған 18 команда қатысуда. Бірінші турда облыстық мәслихат депутаттары сарыағаштық әріптестерінен басым түсті.
Айта кетейік, бірінші орын алған командаға 1 миллион теңге беріледі. Жүлдегер атанған командалар мен жеке шеберлігімен көзге түскен қатысушыларға да қомақты ақшалай сыйлық қаралған.