Жарыста күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақталған.
Түркістан қаласындағы «Turkistan Arena» стадионында футболдан OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының Суперкубок жолындағы ойындары өтуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда футболдан Қазақстанның Суперкубогы бәсекесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков жарыстың ашылуы мен барша қонақтарды және футболшыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
«Жаңадан салынған «Turkistan Arena» алаңында алғаш рет осындай ірі ойын өтуде. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Түркістан облысының намысын байрақты бәсекеде қорғайтын «Тұран» командасы жасақталды. Жергілікті үздік футболшылардан құралған команда жасыл алаңда жеңіске жететініне кәміл сенемін. Облыста жасөспірімдерді осы спорт түріне кәсіби түрде баулитын футбол мектебі жұмыс жасауда.
Құрметті командалар, биылғы Суперкубок ойындарының Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен қатар келуі Түркістан қаласының төрінде өнер көрсетуі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Түркі жұрты көз тіккен қасиетті шаһарға басқан қадамдарыңыз құт болсын», – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Күні кеше елорданың «Астана» футбол клубы мен Қарағандының «Шахтер» командасы ақтық сынға жолдама үшін таласқан болатын. Нәтижесінде астаналықтар 2:0 есебімен жеңіске жетіп, суперкубок финалына жолдама алды.
Бүгінде жасыл алаңда алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» кездесіп, тартысты ойын өткізді. Ойынның негізгі уақытында ойын 3:3 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында қостанайлық «Тобыл» командасының жолы болып, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Естеріңізге сала кетсек, 5 наурыз күні үшінші орын үшін Қарағандының «Шахтері» мен Алматының «Қайрат» командасы таласады. Ал, 6 наурыз күні Суперкубок үшін ақтық бәсекеде елордалық «Астана» командасы мен Қостанайдың «Тобылы» тартысқа толы ойынды өткізетін болады. Барлық матчтар көрермендерсіз өтеді. Турнирдің жүлде қоры 42 млн. теңгені құрайды. Турнир жеңімпазы 25 млн. теңгеге ие болады.
Бұл кездесулерге жанкүйерлер кіргізілмейді. Түркістан облысының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, штабтың барлық мүшелері, команда ойыншылары, спортшылар, БАҚ өкілдері және суперкубоктың басқа да қатысушылары ПТР тестін суперкубок басталғанға дейін 3 тәулік ішінде тапсыру қажет еді. Сондай-ақ Суперкубоктың барлық қатысушылары қол алысудан аулақ болып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтаулары тиіс.