Биыл 3244 азамат, оның ішінде 2604 зейнеткер орталықтың түрлі іс-шаралары мен үйірмелеріне белсенді қатысқан.
Түркістан қаласында «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында 1 қазан – Қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, маслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, ардагерлерді құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Әзімбек Пазылбекұлы құттықтау сөзінде қарттар қоғамның рухани тірегі әрі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, олардың амандығы мен бақыты – басты құндылық екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында қарттардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрмыс сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласының халық саны 240 мыңнан асты. Оның ішінде 17 522 зейнеткер, сондай-ақ 255 тыл ардагері бар. Олар қоғамдық ұйымдар жұмысына белсене атсалысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда, – деді қала басшысы.
Түркістан қаласында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы қала әкімдігінің қаулысымен «Әлеуметтік қызметтер орталығы» құрылған болатын. Аталған орталық жыл сайын мыңдаған азаматтарға сүйемелдеу мен әлеуметтік қызмет көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ 2022 жылдан бастап қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмыс істеп, жылына шамамен 2000 зейнеткерді қамтып келеді. Қосымша сұраныстарға байланысты 2023 жылы Сандыбай көшесінде №1 бөлімше, ал 2024 жылы Б.Саттарханов даңғылында №2 бөлімше ашылды. Әр бөлімше жылына 1200-ге жуық зейнеткерге қызмет көрсетілуде.
Бүгінде орталықтарда әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық, ағартушылық, экономикалық, еңбек және демалыс бағыттары бойынша қызметтер ұсынылады. Биыл 3244 азамат, оның ішінде 2604 зейнеткер орталықтың түрлі іс-шаралары мен үйірмелеріне белсенді қатысқан.