Түркістанда «Күй құдіреті» гала-концерті өтті

0
860

100-ден аса қала тұрғыны күйшілермен бірге «Балбырауын» күйін орындады.


Түркістанда «Күй құдіреті» гала-концерті өтті

Түркістанда Ұлттық домбыра күні аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ұлттық домбыра күніне орай Түркістанда «Күй құдіреті» гала-концерті өтті. Мерекелік шараға Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына арналған республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауына қазылық еткен ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Нұрлан Бекенов, профессор Сәлімгерей Садықов, Сүгір атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Дәуренбеков, дәулескер күйші Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының магистрі, ұстаз Серік Пазылов пен елімізге танымал күйшілер қатысты. «Бисұлтан» би ансамблінің «Дала толғауы» биімен басталған концерт ашық аспан астында ұйымдастырылды.


Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосыновтың шығармашылығына арналған «Қазақтың Қажыбегі» атты ән жинақ көпшілікке жол тартты. Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялы филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Нұрлан Бекенов жаңа жинақтың тұсауын кесті.


Амфитеатрда Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада «Тұмар» және «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі мен «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті. Ал Астанадан келген Әділет Азбаев пен Олжас Мырзабек қос күй орындап, түркістандық көрерменнің рухын көтерді.


Сондай-ақ 100-ден аса қала тұрғыны дәулескер күйшілермен бірге бір мезетте «Балбырауын» күйін орындады.