Түркістанда Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті

0
191

Департаментте 1600-ден астам қызметкер еңбек етіп келеді.


Түркістанда Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті

Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Түркістанда Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Түркістанда Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, төтенше жағдайлар саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға алғыс білдірді.


–Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз «Құтқарушылар күнімен» құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында» деген болатын. Сіздер – әрбір қиын сәтте елге бірінші болып көмекке келіп, бастарыңызды өзгелердің өмірі үшін қатерге тігіп жүрсіздер! Бұл ерліктеріңіз бен қызметке адалдықтарыңыз – халқымыздың амандығының басты кепілі. Мемлекет тарапынан төтенше жағдайлар саласына айырықша көңіл бөлінуде. Түркістан облысы құрылғалы бері жергілікті бюджеттен 4,5 млрд. теңгеге 36 бірлік жаңа техникалар сатып алынды. Алдағы уақытта да материалдық техникалық базаны нығайту жалғасады. Бұдан бөлек, Сауран және Төлеби аудандарында құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын 2 жаңа өрт сөндіру бөлімі соғылып, халық игілігіне берілді. Бұл мемлекеттің Сіздерге деген қолдауы мен сенімі. Бүгінгі күн – бейбіт күннің батырларын еске алып, ерлігін ұлықтайтын күн. Мереке құтты болсын! – деген Ертай Кенжебекұлы еңбегімен дараланған төтенше жағдай қызметкерлерін марапаттады.


Бүгінде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде 1600-ден астам қызметкер еңбек етіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы жолында тәулік бойы тынымсыз қызмет атқарып келеді. Құтқарушылар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам өмірін қорғау бағытында жоғары жауапкершілікпен еңбек етіп жүр.


Іс-шара барысында қызметтік борышын адал атқарып, кәсібіне беріктігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге Төтенше жағдайлар министірі Шыңғыс Әріновтың және облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттары мен төсбелгілері табысталды.


Құтқарушылар күніне арналған мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Бөлісу