Аталған тренинг Астана қаласындағы Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен «Түркістан облысындағы қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту» жобасы аясында жүзеге асты.
Облыс орталығында БҰҰ-ның халықтың қоныстануы туралы қоры өкілдері «Қазақстан Республикасындағы жасөспірім қыздардың репродуктивтік денсаулығын сақтау тақырыбының БАҚ-та жазылып, көрсетілуі» атты тақырыпта тренинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Тренинг Астана қаласындағы Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен «Түркістан облысындағы қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту» жобасы аясында жүзеге асты.
Жиын барысында өсімпаздық денсаулық пен репродуктивті құқықтардың негізгі ұғымдары, Қазақстандағы жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулық мәртебесі, сондай-ақ, жастардың денсаулығын сақтау ісі жөнінде ұсыныстар айтылып, осы төңіректе ақпараттар берілді.
Қыздардың ерте жүкті болуы, түсік тастауы, денсаулық жағдайы, оң босағада отырып бала табуы қазіргі уақыттың ең маңызды мәселенің бірі болып тұрғандығы да сөз болды.
- Іс-шара қыз балалардың денсаулығын сақтауға және жоспарлы отбасын құруға арналған. Мұндай шаралар жиі өтуі керек. Қыздар мен ұлдарды бөлмей, бірдей тәрбие беру қажет. Өйткені, ұл мен қызда да дұрыс әдептілік қалыптасуы тиіс. Жалпы, бұл шара республика көлемінде онкүндік аясында өтіп жатыр. 4-12-қазан аралығында барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарында өтуде, - дейді облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың бас маманы Әлия Таңатқызы.
Тренингке қатысушы БАҚ өкілдері мен студент-жастар да аталған тақырып бойынша көкейіндегі сауалдарын ортаға салып, мардымды ақпараттарға қанықты. Сайрам ауданы, «Елнұр» телеарнасының тележүргізушісі Амалхан Бекболатұлы мектептегі «Биология» пәнін қыздар мен ұлдарға бөлек оқытылу керектігін ұсынды. Өйткені, адам физиологиясының даму тұрғысындағы пәндер жеке өткен жағдайда ғана ашық айтылып, кең көлемде пікірлерін де білдіреді деген ойда. Ал, Созақ ауданы, «Созақ үні» газетінің тілшісі Нұржамал Майұсова газет беттерінде ақпараттардың ғылыми тілде берілетіндігін және оны қарапайым халық түсіне алмайтындығын айтып өтті. Осы тұста, медицина мамандары оқырмандарға ақпарат бергенде жеңіл тілде жазуды баса назарға алуды жөн санайды.