​Түркістанда «Тайқазан» турнирі басталды

0
2 052

Аталған турнир спорт шебері, қазақша күрес және дзюдо, самбодан республикалық, әлемдік додаларда топ жарған Тәңірбергенов Ерқанат Рахымұлының есіміне арналып отыр.


​Түркістанда «Тайқазан» турнирі басталды

Еліміздің түкпір-түкпірінен күш атасы Қажымұқанның ізбасарлары, 18-20 жас аралығындағы жігіттер кіл мықтыны анықтау үшін киелі Түркістан қаласына жиналып, 1998-2000 жылдар туған жастар арасында қазақ күресінен "Тайқазан" республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервін дайындайтын балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өтіп жатқан спорттық бәсекеде спортшылар 6 салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болады. 200-ге тарта спортшы 1 млн теңгенің 1-орны үшін таласады. Екінші орынға 500 мың теңге, үшінші орынды қанжығасына байлаған спортшыға 300 мың теңгенің жүлдесі берілмек. Аталған турнир спорт шебері, қазақша күрес және дзюдо, самбодан республикалық, әлемдік додаларда топ жарған Тәңірбергенов Ерқанат Рахымұлының есіміне арналып отыр.

Ақпарат үшін айта кетсек, Тәңірбергенов Ерқанат Рахымұлы 19 мамыр 1982 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Спорт шебері. Қазақша және самбо күрестерінен ҚР біріншілігінің жеңімпазы, 2001-2003 жылдары дзюдо, самбо күрестерінен ҚР универсиадасының жүлдегері, 2002-2003 жылдары самбо күресінен әлем біріншілігінің қола жүлдегері болды. 2003 жылы ҚР жастары арасында самбо күресі бойынша жеңімпазы атанып, 2003 жыл ОҚО әкімінің Алғыс хаты, 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының грамотасымен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған азамат, Түркістан қалалық мәслихатының төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты болған.

Түркістан қаласының Құрметті азаматы, үш қыз, екі ұлдың әкесі, отбасының сүйеніші, ата-анасының сүйікті ұлы болған Ерқанат Тәңірбергенов артында өшпес із қалдырған ардақты азамат.