Түркістанда тоғызқұмалақтан тұңғыш халықаралық онлайн жарысы өтті

0
1 857

Жарыс швейцар жүйесімен 11 турдан құрастырылды.


Түркістанда тоғызқұмалақтан тұңғыш халықаралық онлайн жарысы өтті

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясы және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ұйымдастыруымен Халықаралық деңгейде ұлттық спорт түрімізді насихаттау мақсатында ҚР Тәуелсіздік күніне арналған тоғызқұмалақтан Халықаралық онлайн жарысы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Visit Centre орталығында өткен жарыстың ашылу салтанатыда алғаш сөз алған Түркістан қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Жәнібек Наушабай іс-шараның маңыздылығын тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Келесі кезекте сөз алған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнұр Мурзамадиева университет әкімшілігінің бұл істе ұйымдастырушы ретінде атсалысқанына қуанышын білдірді. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Алихан Байменов Ұлттық ойынның құнды тұстарын терең сезінген шет елдіктер интернет кеңістігінде ойынның өркендеуіне үлес қосып, түрлі платформалар арқылы өз шеберліктерін шыңдап отырғанын мәлімдеді.

Жарыс Түркістан қаласы әкімдігінің демеушілігімен қазіргі әлемдік пандемия жағдайын ескере отырып, онлайн режимде www.playok.com сайтында өткізілді. Оған Қазақстан, Германия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Чехия, Ұлыбритания елдерінен 400-ге жуық тоғызқұмалақшы Zoom желісі арқылы қарсыластарымен ойнайды. Жарыс швейцар жүйесімен 11 турдан құрастырылды.

Сайыс ережесіне сай ұпай мен әр минут құнды екенін түсінген спортшылар 11 турды 4 сағат 30 минут ойнады. Байрақты бәсекеде асқан шеберлігімен көзге түскен, қызылордалық Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Бексұлтан Бостандықов 10 ұпаймен бас жүлдені жеңіп алды. 2-орынды Елорда спортшысы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зкрияев Биғали 9,5 ұпаймен еншіледі. 3-орынға ақтөбелік халықаралық шебер, биылғы Еуропа кубогінің иегері Хайдаров Азамат ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы қаржылай сыйлықтарға ие болды.