Тоқаев ТМҰ-ға мүше елдердің басшыларымен бірге Анкарада Түркі әлемі аллеясын ашты

0
85

Аталған алаңда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары орналасқан.


Тоқаев ТМҰ-ға мүше елдердің басшыларымен бірге Анкарада Түркі әлемі аллеясын ашты

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге Анкарадағы "Бештепе" саябағындағы Түркі әлемі аллеясын ашты, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.

Аталған алаңда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары орналасқан.

Экспозицияларда бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігі мен сан алуан мәдениеті, бай рухани дәстүрі көрініс тапқан.

"Қазақ киіз үйі Ұлы дала рухы мен түркі дүниесінің ортақ тарихи тамырын бейнелейді. Президенттерге киіз үйдің безендірілуіне арқау болған ежелгі түркі өркениеті, соның ішінде сақтар мұрасы, халқымыздың табиғатпен үйлесімді өмір салты және заманауи Қазақстанның келбеті жайында мәлімет берілді", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттер басшыларының назарына қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін паш ететін "Сақ аңшысы" мүсіндік композициясы ұсынылды. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға көне түркі жазба мәдениетінен мол мағлұмат беретін Орхон ескерткіштері көрсетілді.

Кейінірек ТМҰ-ға мүше елдер басшылары түркі әлемі өнер шеберлерінің концертін тамашалады.
Концертте "Түркі әлемі" ансамблі мен Түркия Республикасы Президенттік симфониялық оркестрі Ұйымға мүше елдердің ең таңдаулы музыкалық шығармаларын орындады.
Құрметті қонақтар түркі халықтарының ұлттық билерін тамашалады. Сондай-ақ іс-шара аясында түркиялық танымал әнші Кырач пен Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті.