Түркістанда туберкулездің алдын алуға арналған семинар өтті

0
1 718

Жалпы Түркістан облысында соңғы 10 жылда туберкулездің таралу жағдайы 42,5%-ға, ал өлім-жітім жағдайы 80,7%-ға төмендеген.


Түркістанда  туберкулездің  алдын алуға арналған семинар өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне сәйкес, туберкулездің алдын алу, оны диагностикалау мен емдеу жөнінде Түркістан облысы Туберкулезге қарсы диспансерінде семинар болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл семинарды ДСҰ-ның сарапшысы, техникалық мәселелер бойынша туберкулезді реформалау жөнінде халықаралық кеңесші Цогт Гомбогарам жүргізіп, алыс-жақын аймақтардан жиналған дәрігерлер мен қала тұрғындарына туберкулезді айқындау үшін, 2 сағат ішінде диагноз қоюға болатынын және оны асқындырмаудың жолдарын, жылдам емдеуге болатын бағыттарын атап көрсетіп, жақыннан немесе қашықтан кез-келген науқас дәрігерлік бақылауда болып ем қабылдай алатыны туралы толықтай түсіндіріп, басқа да әріптестеріне білгенімен бөлісті.

Жалпы Түркістан облысында соңғы 10 жылда туберкулездің таралу жағдайы 42,5%-ға, ал өлім-жітім жағдайы 80,7%-ға төмендеген. Облысымызда туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеу тиімділігі айтарлықтай жоғары. Атап айтқанда, 2016 жылы 85,9%, 2017 жылы 88,0%-ды құрады.

Сондай-ақ, емдеу нәтижелерін арттыруға мүмкіндік беретін туберкулезге қарсы жаңа дәрілер еңгізілуде.

Облыстық туберкулезге қарсы диспансері орталығы бас дәрігерінің сапа жөніндегі орынбасары Қапанова Қарлығаш Аширмедқызы: "Бүгінгі семинардың басты мақсаты туберкулезге шалдыққан науқастарды жаңа әдістермен емдеу, үй жағдайында көмек көрсету, оларға жаңадан әзірленген препараттарды таныстыру болды. Түркістан облысы бойынша бастапқы медициналық көмек ұйымындағы терапевтерді жаңадан шыққан емдеу тәсілдерімен оқыту жұмыстары жүргізілуде. Біздің облыстық туберкулезге қарсы диспансерімізде бүгінгі таңда 65-ке жуық дәрігерлер жұмыс істейді. Бірнеше бөлімшелеріміз бар, барлығы 540 төсек-орын қоры жұмыс істеуде. Ал туберкулез ауруынан емделуден бас тартқан науқастарды соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеу бөлімшелерінде емдейміз. Онда 35 науқасқа арналған төсек-орын бар. Сонымен қоса 60 адамға арналған күндізгі бөлім және диагностика бөлімшесі бар. Диагностика бөлімшесінде жаңадан келген, әлі туберкулезбен ауыратыны анықталмаған науқастарды толығымен қарап, оларға қандай ем түрін қабылдау керектігін анықтаймыз"-деп мәлімдеді.