Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығында «Түркістан төрінде ұлттық мұра» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
ERNUR.KZ. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен көрменің мақсаты - өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, музей қорында сақталған құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру.
Көрменің салтанатты ашылуына Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шынарбайұлы, мәдениет саласының және зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, жастар, туристер қатысты.
Экспозицияда археологиялық жәдігерлер, Қазақ хандығы кезеңінің мұралары, этнографиялық бұйымдар, ұлттық музыкалық аспаптар, киіз үй мәдениетінің үлгілері, кесте өнері және Кенесары ханның қылышы көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, жоба аясында алдағы уақытта музейдің облыстағы 8 филиалы екі апталық көшпелі көрмелер ұйымдастырып, қордағы тарихи-мәдени құндылықтарды тұрғындар мен қонақтарға таныстыратын болады.


