6 кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар бейнеролик арқылы жұмыс орындарын көрсетіп, өздерін жаңа қырынан танытып, өнерлерін ортаға салады.
Түркістан қаласында алғаш рет "Үздік даяшы" байқауы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс орталығында Түркістан қаласы әкімдігінің "Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің" ұйымдастыруымен "Үздік даяшы" конкурсы өтті. Байқауды қала әкімінің орынбасары Жандос Тасов ашып, даяшыларға сәттілік тіледі.
Ол өз сөзінде, Түркістан қаласы үшін туризмді дамытудың маңызы зор екенін айтып, келушілерге сервистік қызметті дамытып, жетілдіру үшін даяшы мамандарының атқарар қызметінің зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ, былтыр қалаға 900 мыңға жуық турист келгенін және биыл бұл көрсеткіштің артатынына сенімді екенін білдірді.
Жалпы, бір күн бойы жалғасқан шара Түркістан қаласында алғаш рет өткізілді. 12 даяшы өз тәжірибесі бойынша түрлі сынақтардан өтіп, мамандықтарының шебері екенін көрсете білді. 6 кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар бейнеролик арқылы жұмыс орындарын көрсетіп, өздерін жаңа қырынан танытып, өнерлерін ортаға салады. Сонымен қатар, теориялық және стандарттық емес ситуациялық жағдайларды орындап, сұрақтарға жауап берді.
Байқау нәтижесінде I орын - Damdi, II орын - Voyage, III орынға - Уақ дәмханасы ие болды. Сондай-ақ, «Кувшин» кафесі "Көрермен көзайымы" номинациясына, ал "Нилуфар" кафесінің даяшысы Алматы қаласында кез келген кафеге барып, тәжірибе алмасу үшін серфитикатқа ие болды. Түркістан қаласының қоғамдық тамақтану орындарындағы сервистік сапа мен "Даяшы" мамандығының мәртебесін және имиджін көтеру мақсатындағы бастама алда жалғасын табады деп күтілуде.