Түркістанда жаңа инвестициялық жобалардың сәулеттік шешімдері талқыланды

0
93

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті.


Түркістанда жаңа инвестициялық жобалардың сәулеттік шешімдері талқыланды

ERNUR.KZ. Жиында өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандардың сәулеттік тұжырымдамалары қаралып, олардың қала құрылысы талаптарына сәйкестігі жан-жақты талқыланды.

Кеңес барысында инвесторлар өз жобаларын таныстырып, олардың өңір экономикасына, туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосатын үлесі туралы баяндады. Сонымен қатар ұсынылған нысандардың сәулеттік келбеті, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, қоршаған ортамен үйлесімділігі және заманауи құрылыс талаптарына сай болуы мәселелері қарастырылды.
Облыс әкімі әрбір жобаның сапалы әрі талапқа сай жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ сәулеттік шешімдер өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен үйлесіп, Түркістанның заманауи келбетін қалыптастыруға үлес қосуы қажет екенін жеткізді. Инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, жауапты басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кеңес қорытындысында ұсынылған жобалар бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, сәулеттік шешімдерді жетілдіру, жобаларды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру және іске асыру жұмыстарын жеделдету жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді.