​Түркістандық 61 жастағы аула сыпырушы қаланың абыройын сақтап қалғысы келеді

0
3 040

Денсаулығының сыр беруiне байланысты жұмысты таңғы бестен бастауға рұқсат алған.


​Түркістандық 61 жастағы  аула сыпырушы қаланың абыройын сақтап қалғысы келеді

«Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесiнде аула сыпырушы болып жұмыс жасайтын Рамазан Нуршимнiң жұмыс кестесi таңғы бестен басталып, сегiз сағатқа дейiн жалғасады.

ERNUR.KZ тілшісіне берген аз-кем сұхбатында Түркістан қаласының шетелдіктердің есінде жағымсыз жағымен қалмауы үшін де алаңдайтынын білдірді.

61 жастағы азамат денсаулығының сыр беруiне байланысты жұмысты таңғы бестен бастауға рұқсат алған. Сондай-ақ, кешкi жетiден тоғызға дейiн өзiне тиесiлi аймақты сыпырып, жүктелген мiндеттi абыроймен атқарып жүр.

- 1996 жылдан бастап орталық «Қуаныш» базарында аула сыпырушы болып iстегенмiн. Ал, «Түркiстан жарық-тазалық» мекемесінде жұмыс жасағаныма үш жылдай уақыт болды. Бұйыртса бiр жарым жылда зейнеткерлiкке шығамын. Қала көшелерiнде қоқыс жәшiктерi бар болса да, арықшаларға қоқыс тастау көпшiлiгiнiң жаман әдетiне айналған. Түнгi мезгiлде таза тұрған көше таңғы уақытта қайта шашылып жатады. Қала тұрғындары тазалыққа мән берсе, еңбегiмiздi бағалап, арнайы қоқыс тастайтын орындарға тастаса қаламыз таза қалаға айналады емес пе?! Отбасылық жағдайыма келсем екi ұл, екi қыз тәрбиелеп өсiрдiм. Барлығы да үйлi-жайлы, - дейдi Рамазан Нуршим.

Ағамыз жұмыс уақытында басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлiстi.

- Бiрде Польша мемлекетiнен келген туристiң базар маңындағы шашылған қоқыстарды фотоаппаратына түсiрiп жатқанын байқадым. Онымен сөйлесiп, қала тұрғындары жайында қате пiкiрде болмасын деген мақсатта әлдекiмдердiң қоқыс жәшiгiне тастауға ерiнiп әдейi тастап кеткенiн айттым. Содан суреттердi өшiруiне осылайша себеп таптым. Бар ойым интернет желiсiне жүктеп, жалпы елiмiз туралы жаңсақ пiкiрде болмасын деген ой едi. Интернет дамыған заманда бiр қате ақпарат тараса барлығы солай қабылдайтыны шындық қой. Көше сыпырып жүрiп түрлi жоғалған әмияндарды тауып алсам оны құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне апарып беремiн.

Уақытпен санаспай еңбек етiп жатқан жан бар болғаны өзiне артылған мiндеттi орындаудан бөлек, қала тұрғыны ретiнде Түркістанның тазалығы мен абаттануына ықпал етiп отыр. Қаланың көркеюi, тазалығы бiрiншiден өзiмiзге керек екенiн ескерiп, кез келген жерге қоқыс тастамай, қоқыс жәшiгiне тастауды әдетке айналдырсақ деген ұсынысын да білдірді.