Түркістандық әкім БАҚ өкілдерімен жүздесті

0
1 080

Жоспарды толық орындауға күш салуға уәде берді.


Түркістандық әкім БАҚ өкілдерімен жүздесті

Жетісай ауданының әкімі БАҚ өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Мұрат Болатұлы Қадырбек аудандағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Басты мақсат – аудандағы ақпараттандыру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, алдағы атқарылар істердің жоспарын талқылау, жергілікті қаламгерлермен тығыз қарым-қатынас орнату, танысу болды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары ешқашан жеке бастың мәселесін көтермейді, сондықтан, сіздердің көтерген әрбір жазбаларыңыз назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта барынша жұмыстарды жандандырып, тиісті бағыттар бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз», - деген Мұрат Болатұлы аудандағы қала, кент, ауылдық округтерді аралап, тыныс-тіршілігімен танысып жүргендігін айтады.

Аудан басшысы тұрғындармен өткізген кездесулері барысында елді мекендердегі ауыз су, тік дренаждар мен ағын су, егістік жерлердің құнарсыздануының алдын алу, газдандыру мәселелері жиі айтылғанын атап өтті. Бұл бағыттарда бұған дейін атқарылған жұмыстарды жалғастырып, жоспарды толық орындауға күш салуға уәде берді.

Мұнан да басқа кездесу барысында бұқаралық спортты дамыту, елді мекендерді спорт алаңшаларымен, стадиондармен қамтамасыз ету, мәдени ошақтарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, баспасөзге жазылу барысы да әңгіме арқауына айналды.

«БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасау, әкімдікке жазылған хаттар мен көтерілген мәселелерге дер кезінде жауап беру ісін жақсартуыңыз құптарлық іс. Мұнан да басқа балабақшалардың санитарлық талаптары, көшелердегі билбордтардың ескіруі, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қадағалау, ақсақалдардың өзара жанжалына тоқтау салу, оңалту орталықтарының жұмысын оңтайландыру мақсатында жағдай жасау секілді өзекті мәселелерге де көңіл бөлсеңіз дұрыс болар еді», - деген «7 сыр» Республикалық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, қажы Жаппар Ғаппар жас әкімнің ісіне сәттілік тілеп, батасын берді.

Жоғары білімді заңгер, құқықтану магистрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі Мұрат Болатұлы айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер заң аясында толықтай шешімін табатынын айтты.